Үкімет жекеменшік мектептердегі аудиторлық тексерістің алдын ала қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов қаржы министрі Мәди Такиевтің жекеменшік мектептер туралы баяндамасын тыңдады.
Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, жекеменшік мектептер саны 2020 жылғы 203-тен 2025 жылы 878-ге дейін артқан, ал оқушылар саны бес жыл ішінде алты есеге, яғни 53 мыңнан 322 мың балаға дейін өскен. Сондай-ақ, бұл бағыт бойынша бюджет шығыны 2020 жылғы деңгейден (13,3 млрд теңге) 20 есе асып, 248 млрд теңгеге жеткен.
"2025 жылдың соңына дейін жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесі бытыраңқы әрі бақылаусыз болғаны, бұл деректер бұрмалануына және бюджет қаражатын теріс пайдалануға жағдай туғызғаны атап өтілді", - деп жазылған хабарламада.
Осыған байланысты өткен жылдың соңынан бері Оrta-bilim.e-qazyna цифрлық платформасына ауыстырылған.
Қаржы министрлігі жекеменшік мектептерді қаржыландыруға жүргізген аудит барысында бірқатар заңбұзушылықты анықтаған:
- ғимараттардың нақты сыйымдылығын есепке алмай оқушы орындарының санын негізсіз асыра бағалау (нормативтік сыйымдылықтан 3 есе асып кету);
- бюджеттік қаржыландыру алу және сол арқылы салық төлемдерін азайту үшін салық есептілігінде кірісті кем көрсету арқылы еселенген пайда алу;
- күрделі жөндеудің орнына ағымдағы және косметикалық жөндеу жүргізу (жобалау және сметалық құжаттамасы болмаған жағдайда).
Қаржы министрі заңбұзушылықтардың көптеген дерегін келтірген.
"Мұндағы заңбұзушылықтар мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалардың қадағаламауынан немесе тікелей қатысуымен болып отыр", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, жуырда елімізде жеке мектептерге қойылатын талаптар өзгеретіні хабарланды. Бұл туралы Алматы қаласындағы жеке мектептердің құрылтайшылары, директорларының қатысуымен өткен кездесуде оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
