Жайылымды жақсарту жұмыстары жалғасын табуы керек –  Айбын Төреханов

Жарбол Кентұлы 05 қыр. 2024 11:51 3698

Соңғы уақыттары ауыл-аймақтарда жайылымның жетіспеушілігінен көптеген дау-шарлар туындап жатқаны белгілі. Әдетте «жеріміз кең, Еуропаның бәленше елі сыйып кетеді» деп мақтанғанда кеудемізге нан пісердей болады. Ал ауылдағы ағайын айдап жүрген азғантай малын сыйдыра алмай қиналғанда амалсыз ойға батасың. Осы ретте Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының басшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессоры Айбын Төреханов мырзаға жұртшылықтың көкейінде жүрген көп сұрақты қойып, тұщымды жауап алудың сәті түскен еді. Енді жайылым мәселесіне жан-жақты талдап берген маманның ой-пайымына құлақ асыңыздар.

 

– Айдын Әдепханұлы, қазір ауылды жерде жайылым мәселесі көптеген дауға себепші болып жүргенін білесіз. Осы бізге жайылым жетпей ме, әлде оны дұрыс пайдаланбай жүрміз бе?

– Бірден айту керек, қазақ үшін жайылым жер ешқашан жеткілікті болған жоқ. Кезінде мал баққан ата-бабаларымыз жайылым жер үшін қан төгіп, мейлінше көп жерге иелік етуге тырысты.

Осы ретте ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, алмас ұылыштың жүзімен қорғаған жерімізді дұрыс пайдаланып жүрміз бе деген сұрақ туындайды. Соңғы уақыттары еліміздегі табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану ісі өте өзекті мәселеге айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке еліміздегі жайылымдарды барынша тиімді пайдаланып, мал басын өсіріп, экологиялық таза өнім өндіру турасында міндет жүктеген болатын.

Президент тапсырмасының үдесінен шығу үшін қолданыстағы жайылымдарды жақсартып, шалғай жайылымдарды мүмкіндігінше игеріп, ет өнімінің артуға барынша күш салуымыз керек.

Мысалы, етті бағыттағы ірі қара саласы дамыған Канада, Бразилия, Аргентина мемлекеттерінде ет өнімінің басым бөлігі, жайылымда жүріп семірген мал еті құрайды. Әрине, бұл ретте олардың мал тұқымы мен жайылымдарын қалай күтіп-баптайтынын есепке алуымыз керек. Алдағы уақытта осы тәжірибені бізде қолданып, ет-сүт өнімін арттыруға күш салу керек.

Енді сіз қойған сұраққа жауап берсек, елімізде табиғи мал азығы жерлерінің жалпы көлемі 189 млн гектардан астам жерді құрайды. Бұл еліміздің жер қорының 70%-ы екенін ескерсек, жайылымдық жер бойынша әлеуетіміздің қаншалықты зор екенін бағамдауға болады.

Ал шабындық жерлердің көлемі 5 млн гектарды құрайды. Осы бір мәлметтен мал шаруашылығын дамытуда біздер жайылымдық жерлерге арқа сүйеудің маңызы зор бағамдауға болады.

–  Еліміздің жайылымдық әлеуеті жоғары екенін айттыңыз. Сол ресурсымызды қанашалықты тиімді пайдаланып жатырмыз?

– Кең байтақ қазақ жері бірнеше табиғи аймақтар мен екі таулы өңір бар. Жер бедеріне орай осы алқаптардың мал азықтық сипаттымен онда өсетін шөп түрлерін пайдалану қарқындылығы да әр алуан. Жайылымның 25%-і құмды жерлерде, 18%-ы таулы жерлерде орналасса, 5%-дан астамы ойпатты жерлер құрайды.

Әр түрлі табиғи аймақтарда бірнеше жайылым түрлері кездеседі. Табиғаттың осы бір ерекшелігін жіті байқаған бабаларымыз жайылымды маусымды пайдалануды жақсы меңгерген. Мәселен, «Мойынқұм-Бетпақдала-Сарыарқа» жайылым кешені оңтүстіктен солтүстікке қарай 500-ден астам шақырымға созылса, «Алатау-Балқаш» кешені 200-250 шақырымды алып жатыр.  Ал еліміздің орманды-далалы аймағындағы табиғи жайылымдық жерлер 4 мың гектар алқапты алып жатыр. Бұл алқаптарда әр түрлі астық тұқымдастар, бетеге-жусан аралас шөптер өседі, егіншілікке жарамсыз. Орташа өнімділігі гектарына шамамен 5 цн аспайды.

Далалық аймақтағы жайылымдық жерлер 40 мың гектардан астам. Бұл алқаптарда бетеге-жусан аралас шөптесін басым келеді, ал өзен аңғарлары мен көл жағасын шабындық ретінде пайдалануға болады. Шөп шығымы 6 цн шамасында, ал шабындықтар 12-14 цн дейін түсім береді.

Шөлейт аймақтар Солтүстік Каспий маңы жазығынан Алтай тауларына дейін созылып жатыр. Мал жаюға жарамды жерлер 34 мың гектардан астам, соның ішінде шабындықтар 1,5 мың гектарды құрайды. Шөлейт жерлерге тән ерекшелік – астық тұқымдас өсімдіктер мен шала бұта өсімдіктердің үйлесімді өседі. Бұл алқаптарда әр жылдары және маусымға орай шөп түсімі едеуір ауытқып отырады. Орта есеппен жайылым өнімділігі 3-4 ц/га құрайды. 

Елімізде табиғи жайылымдар негізінен шөл аймақта орналасқан, көлемі 91 мың гектардан асады, оның ішінде 1,3 мың гектардан астамы шабындыққа жарамды. Шөл аймақта өсетін өсімдіктер көбіне шала бұталы өсімдіктер. Үстірт, Бетпақдала, Сарысу жазығы сазбалшықты және тастақты шөл алқаптарына жатады. Бұл алқаптарда жусан, жусанды-сораң және раң тәріздестер мен эфемероидты шөптер аралас өседі. Осы жайылымдарда жусан, раң тәріздестер және шала бұта өсімдіктермен қатар бұталы өсімдіктер: жүзгін, сексеуіл, құм қарағаны және басқа да түрлері аралас өседі. Шөл өсімдіктерінің түсімі тұрақты емес, өнімділігі 3 цн/га аспайды.

Таулы аймаққа Алтай және Тянь-Шань тауларының жайылымдары енеді, көлемі 9 мың гектардан асады. Биіктігі және табиғи белдеулері алуан түрлі. Мысалы, 600-1500 метр биіктіктегі белдеуге солтүстік Тянь-Шань тауларына қарасты Іле Алатауы мен күнгей Алатаудың солтүстік баурайы енеді. Осы алқаптарда бетеге, ақселеу басым кездеседі, түсімі 5 ц/га аспайды. 1500-2400 м биіктікте орманды-шалғынды белдеу орналасқан, мұндағы өсімдіктер шалғыны алуан түрлі, көбіне астық тұқымдастар, түсімі 20 цн/га құрайды. 

– Айбын мырза, еліміздің жайылымдық әлеуетін оқырмандарымызға қолмен қойғандай қылып көрсетіп бердіңіз. Әңгіме арасында жайылымдарды ата-бабаларымыз маусым-маусымға бөліп пайдаланғанын айттыңыз. Осыны тарқатып айтып беріңізші?

– Қазақстанда әр аймағындағы жайылымдық жерлер бір-біріне мүлде ұқсамайды. Сондықтан жайылым типтерінің орналасуына қарай  маусымдарға бөліп пайдаланған жөн. Осы ретте жайылымды маусымға бөліп, пайдалану ондағы өсімдіктердің өніп-өсу ерекшелігіне, алқаптағы шөп құрамының жетілуіне әсер етеді.

Жайылымдарды тиімді пайдалану әр белдеудің маусымдық әлеуетін барынша жүзеге асыру керек. Бір аймақта орналасқан әр түрлі жайылымдардағы шөп түрлерінің жетілуіне қарай пайдаланса, жайылым мал тұяғымен тапталып тозып кетпейді.  

Ата-бабаларымыз табиғи жайылымдардың маусымдық сипатын игеріп, оны тиімді пайдаланған. Көктем, жаз, күз мезгілдерінде шөптің жетілгеніне орай өрісін таңдап, әрдайым мал жайылымын ауыстырып отырған. Елімізге тән әр түрлі табиғи аймақ пен белдеулерді қиып өтіп, жайылымның шалғынын жеп, шұрайын кетірмей, өрістегі шөптің тұяқкесті болуына жол бермегенін білеміз.

Кеңес Одағы құрылғанда да көшпелі мал шаруашылығының ерекшеліктері ғылыми тұрғыдан зерттеліп, шалғай мал шаруашылығы саласы барынша дамыды. Жер ыңғайына орай далалық, шөлейттік және таулы жайылымдар әлеуетін маусымына қарай толық пайдалану жүзеге асты.

Өкінішке орай, қазіргі таңда жайылымдық кешендерді маусымдық ерекшеліктеріне орай ауыспалы пайдаланып, әлеуетін толық пайдалану жүзеге аспауда. Уақыт белдеуіне, жер бедеріне орай маусымдық жайылымдардың әлеуетін пайдалану жүйесіздікке ұрынған. Осы келеңсіздік кейбір жайылымдардың азғындауына ұласып, жалпы мал шаруашылығының дамуына тұсау салып отрығаны жасырын емес.

– Жайылымды тозудан сақтау үшін не істеуміз керек?

– Ол үшін баяғы жүйеге қайта оралуымыз керек деп есептеймін. Қалыптасқан ұстанымдарды жаңғыртып, қарапайым ғана талаптарды жүзеге асырудың маңызы зор. Айталық, жайылымдық жерлердің түрін ескеріп, өрістегі шөп түрлері жетілетін уақытта мал жайып, өріс шөбін тықырлатпай келесі өріске ауыстырып отырған жөн.

Егер бұлай істемесек, жайылымдағы біржылдық табиғи шөптер пісіп жетілмей, өрістің күйі кетеді. Жайылымның азықтық қорының мөлшері төмендейді. Сондықтан әрбір жайылымды өз уақытында пайдаланып, әсіресе, жайылымның өнімділігіне сай мал басы ұстап, уақтылы өріс ауыстырып отырса, жайылым жұтамайды.

Егер қолданыстағы жайылым тарлық етсе, шалғай жайылымдарды игеру керек. Болмаса қолданыстағы жайылымдарға мал тұяғына төзімді шөптерін үстемелеп егіп, азықтық қорды арттырудың маңызы зор.  

– Байқаймын, қазір жайылымға қатысты сіз айтып отырған талаптар орындалмайды. Егер осы талаптарды шаруалар толықтай сақтаса, жайылымға қатысты мәселе туындамас еді?

– Әрине, бұл талаптарды сақтасақ, мал шаруашылығы еселеп өсер еді. Өкінішке орай, бұл талаптар орындалмауда. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бері шалғай жайылымдарды пайдалану үрдісі де, жайылымдарды жақсарту жұмыстары да жалғасын тапқан жоқ.

Шаруалар мал өсірудің маңызды технологиясын ескермей, көбіне, экстенсивті жолмен қолданыстағы жайылымды барынша пайдаланды.

Отандық ғалымдардың жайылымдарды тиімді пайдалану бойынша ұсыныстары тек қағаз жүзінде қалғаны жасырын емес. Маусымдық ерекшелігіне орай жайылымды ауыспалы қолдану, мал басын азайту және жайылым мерзімін қысқарту арқылы тозған жайылымдарды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған жоқ.

Бір тиын шығын шығармай іске асыруға болатын осы әдістерді іске асыруға шаруалар ұмтылмады. Қаржы талап ететін әдіс – жайылымды жақсарту шаралары кейбір озық шаруашылықтар тарапынан ғана қолдау тапты.

– Айбын Әдепханұлы, бұл тығырықтан қалай шығуға болады?

– Бізде жайылымдарды қалай тиімді пайдалануға болатын жылдар бойы қалыптасқан талаптар мен нормалар бар. Алдағы уақытта сол талаптарды шаруалар толықтай орындауы керек. Бұл ретте шаруалар осы талаптарды орындау бірінші кезекте өздеріне керек екенін түсінуі керек.

Бүгінде қолданыстағы заң аясында жайылымдарды қолдану мен сақтауға бағытталған талаптар қарастырылып, мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетіле бастады. Бұл да болса көңілге демеу болып тұр.

Билік тарапынан қолданыстағы заңнама аясында жайылымдарды пайдалану ережелерінің сақталуын бақылау дәрменсіздікке бой алдырмау керек. Шаруаның табысты жұмыс атқаруын күйттейтін жергілікті билік жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жоспарын жүзеге асыруда салғырттық танытпағанын қалаймыз.

Бұдан басқа замана талабына сай агроөнеркәсіп саласын цифрландырудың маңызы зор.  Ақпараттандыру ісі мал шаруашылығы саласында қордаланған мәселелерді жүйелеп, салаға нұқсан келтірмей кешенді түрде шешуге мұрындық болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар