Түркістан облыстық білім басқармасы колледж жатақханасына қатысты тараған ақпаратты бақылауға алып, арнайы комиссия құрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dala News.
Ведомство мәліметінше, аталған колледжде 1072 студент білім алады, оның 80-і жатақханамен қамтылған. 23–25 ақпан күндері өтетін облыстық спартакиадаға байланысты жатақханаға қатысушыларды уақытша орналастыру қажеттілігі туындаған.
Осыған орай тәрбиеші мен вахта қызметкерлері студенттерге ауызша ұсыныс білдірген. Жатақханада студент жігіттердің уақытша болмауына байланысты қыздардан бос бөлмелерде тазалыққа көмек көрсету сұралған. Алайда кейбір студенттердің бас тартуына байланысты түсініспеушілік орын алғаны айтылды.
Қазіргі уақытта студенттермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Білім басқармасы білім алушылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда екенін атап өтті.
Сонымен қатар ішкі тәртіп талаптарын күшейту және мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қосымша шаралар қабылданған. Жауапты тұлғаларға қатысты заң аясында тиісті шешім қабылданатыны хабарланды.
