Жастардың жеңіл алкоголді ішімдікке тәуелділігіне жол бермеу керек!

Dalanews 26 ақп. 2023 05:22 1042

Бүгінде Қазақстан алкоголді ішімдіктерді тұтынатын елдердің көш басында келе жатқанын Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ханым бірнеше рет айтқан болатын. Өткенде әлеуметтік желіде 2022 жылы елімізде алкоголді өнімдерді тұтыну адам басына шаққанда өзге жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өскенін оқып, іштей қынжылдық.  

 

Ішімдікті тұтынудың өсуіне ықпал еткен екі себеп

Әрбір қоғамды құрдымға бастайтын құбылыстың астарында өзіндік себеп-салдар жататыны белгілі. Айталық, өткен жылы көрші Ресейдегі мобилизациядан бас суғалап, миллионға таяу ресейліктер Қазақстанды паналаған-ды.

Өз кезегінде Кремльдің мобилизациясынан қашқан ресейліктерде өткен жылығы Қазақстанның алкоголді ішімдіктерді тұтыну көлеміне өз «үлесін» бірашама қосқаны жасырын емес. Десек те, бұл бағаттағы күрес тоқтамауы керек. Көрші елден келген азаматтардың ішімдік ішіп, көрсеткішті көтергені  бізге жұбаныш болмауы керек.

Жалпы еліміз бұл оқиға дейін де алкоголді ішімдікті тұтынатын елдердің көш басында жүрген болатын. Статистикалық дерек көздеріне назар аударатын болсақ, еліміздегі өлім-жітімге көп жағдайда осы алкоголді ішімдік себепкер болып жатады.

Сонымен қатар қылмыстың өршуінің артында осы алкоголді өнімдердің әсер тұрғаны жасырын емес.

Демек, біздер алдағы уақытта қоғамда алкоголизммен күресті табысты жүргізетін болсақ, бір оқпен екі қоян ататын мүмкіндігіміз бар. Бұл бағыттағы күресіміз нәтижелі болса, еліміздегі өлім-жітім мен қылмысты біршама азайту мүмкіндігіне ие боламыз.   


Дерек көздеріне назар аударатын болсақ, 2019 жылдан бастап елімізде алкоголді ішімдікті тұтыну көлемі біршама артқанын байқауға болады. Бұған әрине коронавирус пандемиясы әсер еткенін анық.

Пандемия кезінде бүкіл жұрт жұмысын тоқтатып, үйінде үрей құшағында отырды. Дәл осы кезде ащы суды ұрттамаса ішкен асы бойына тарамайтын адамдар бір жырғап қалғаны анық.

Тіпті, сол кезде коронавирустан ішімдік сақтайды екен деген фейк ақпараттар әлеуметтік желіне кезіп кеткенін көзіміз көрді. Бірақ дәрігер мамандар сол сәтте ішімдіктің індеттің алдын алатын қасиеті жоқ екенін ашып айтып, халықты алкоголді ішімдікті шамадан тыс тұтынбауға кеңес берген еді.

Қалай десек те дәл пандемия кезінде алкоголді ішімдіктерді тұтыну көлемі айтарлықтай артты. Бұл үрдіс жалғаз Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінің барлық елдерінде орын алғаны белгілі.

 

Нақты ақпарат – қауіптің алдын алады

Қазіргі таңда халық алкоголді ішімдіктерді көп тұтынады деп қоғамда үрей тудыру да орынсыз екені анық. Сондықтан бұл бағаттағы жұмыстарға терең талдау жасау керек.

Өйткені қазір нарықта алкоголді ішімдіктің де түр-түрі бар екенін естен шығармауымыз керек. Өз кезегінде мамандар елі ішіндегі алкоголдік өнімдердің саудасы да жұрттың ішімдікке тәуелділігін түсіндіріп бермейтінін алға тартуда.

Айталық, кейбір елдерде ішімдікке тәуелді адамдардың санын есепке алып, соны жан басына шағып, елдің алкоголді ішімдікті тұтыну көлемін айқандап жатады. Бұл енді біздің елімізге келемейді.

Халықтың ішімдікке тәуелдігін айқындау да терең зерттеуге иек сүйеуіміз керек. Мұндағы мақсат алкоголді ішімдік тұтыну көлемін мейлінше төмендетіп күресу емес. Егер дәл осы ішімдікті тұтыну ісіне терең зерттеу жүргізсек, күресті қай бағытта жүргізіп, халықтың денсаулығын жақсартуға қатысты нақты ақпаратқа ие боламыз. Нақты ақпарат алкоголді ішімідікке қатысты күрестің нәтижелі болуына кепіл болатыны сөзсіз.

– Әдетте біздің елімізді алкоголді ішімдіктерді тұтыну бойынша Орталық Азия елдерімен салыстырғанда Қазақстан алдынғы орынға шығып, көзге түсіп қалады.

Ашығын айтсақ, көршілес елдерде ішімдік ішіп, көлік жүргізіп жол апатына түскен адамдар түрлі себептермен ресми статистикаға енбей қалады. Ал бізде керсінше, бұл бағаттағы статистикалық көрсеткіштер анық дәл жүргізіледі.


Әрине, алкоголизммен күрес жүргізу кезінде статистикалық мәліметтердің дәл, анық болуы маңызды. Әйтпесе оған қарсы күрес нәтижелі болмайды. Сол себепті біздер алкоголизм бойынша Орталық Азия елдерімен салыстырған көрсеткіштердің салыстырып, қазақтар ішімдікті суша сіміреді екен деген ой туындамау керек. Сондықтан бұл мәселеге кешенді көзқараспен қараған ләзім, –  дейді Республикалық ғылыми-тәжірибелік психологиялық денсаулық орталғының дәрігер-наркологы Гүлмира Садуақасова.

Сонымен қатар маман Қазақстанның алкоголдік өнімдерді тұтынуда Кіндік Азияның өзге елдерімен салыстырғанда жоғары болуына экономикалық көрсеткіштердің жоғары болуы да әсер етіп отырғанын алға тартты. Оның айтуынша, біздің елдің азаматтарын Қырғызстанның халқымен салыстырғанда ішімдік сатып алу қабілеті айтарлықтай жоғары екен.

 

Жастардың виртулды өмірден құтқару керек

Жалпы елімізде алкоголді ішімдіктерді шектеу бойынша мемлекеттік деңгейде біраз іс-шаралар қабылданғаны белгілі. Бұған кешкі сағат 21:00-ден кейін еліміз бойынша дүкендерде алкоголді ішімдіктерді сатуды шектеу, алкоголді ішімдіктерді жарнамалау және көлікті ішімдік ішіп жүргізуге қатысты жазаның күшейтілуі бұл бағыттағы маңызды қадамдар деп айтуға болады. Қабылданған осы шаралардың бәрі Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған маңызды бастама екенін айта кетуіміз керек.

– Өз басым дәл қазір елімізде алкоголді ішімдікті тұтыну көлемі артып бара жатыр деп кесіп айта алмаймын.

Бірақ алаңдайтын мәселелер бар. Айталық, қазір ел ішінде алкоголді өнімдді тұтынушылардың қатары жасарып бара жатқаны мені қатты алаңдатады. Жастардың ішімдікке үйір болуының өзіндің себептері бар.

Бұл ретте тұтастай алкоголді ішімдікке тыйым салып, мәселені шешіп тастау мүмкін емес. Бұл істің түйінін жекелеп тарқату керек.

Қазіргі таңда жастар ғаламторға қатты байланып қалған. Яғни, олардың өзіндік виртуалды өмір бар. Біздер жастарды сол жерден алып шығып, салауатты өмір салтын ұстануына үндеуміз керек.


Олар виртуалды өмірден шаршағанда жеңіл алкоголді ішімдіктерді ішіп, бойындағы шаршауын басады. Мұндай жастар өсе келе маскүнемге айналуы мүмкін. Сондықтан біздер жастардың виртулды өмірі мен шынай өмірдің аражігін ашуына ата-аналар ықпал етуі керек, – дейді білікті маман.

Иә, жастардың жеңіл алкоголді ішімдіктерді шамадан тыс пайдалануы бәрімізді алаңдатуы тиіс. Сондықтан жастардың шынай өмірге қадам басуына бар күш жігерімізді жұмсауымыз керек. Еліміздің ертеңі саналатын жастарды мұндай жаман әдеттен құтқаруымыз керек.

Анар САБЫРОВА




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар