Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Қазақстанда Ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қосуды тапсырды. Бұл еліміздің цифрлық даму жолындағы үдерісін жылдамдатып, мемлекет пен ірі бизнес деректерін біріктіріп, олардың өзектілігі мен қолжетімдігін қамтамасыз етеді деп күтілуде. Бұл туралы Мемлекет басшысы "Мемлекеттік органдарда жинақталған ұшы-қиырсыз деректер қорына қолжетімділік шектеулі болуына байланысты оның әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр. Бұл жерде ақпараттың "ашықтық презумпциясын" басшылыққа алу керек. Smart Data Ukimet арқылы анонимді деректерге еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Мен бұл жерде барлық ақпараттың анонимді болғаны әрі сенімді қорғалғаны жөн екенін айтып отырмын. Жеке деректердің таралып кетуіне қатысты барлық қауіпті жою керек", – деді. Расында да соңғы кездері елімізде кейбір адамдардың жеке деректерінің таралуы, халықтың алаңдаушылығын туғызып отыр.
Әсіресе цифрлық дамумен бірге алаяқтардың күшейіп кетуі елдің алаңдаушылығын туғызып отыр. Тіпті жекелеген адамдардың деректерін қолға түсіріп, аттарынан несие рәсімдеп, одан қалды банк атынан хабарласып, телефонына келетін кодты айтқызып алу арқылы онлоайн несие рәсімдеп алу деректері қазір халықты үрейлендіріп отыр. Осы орайда жеке деректердің қорғалуымен бірге несие рәсімдеу секілді әрекеттерді де күрделендіре түссе деген халық тілегі бар. Өйткені мәліметтер көпке қолжетімді болуы керек деген сөз, олардың әркімнің қолында жүруі емес, керсінше екінші жағынан, қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, жеке мәліметтерге қол сұқпау, мәліметтердің сапалы болуын платформа арқылы қамтамасыз етеміз деп күтілуде.
Яғни, мемлекет басшысы атап өткендей жеке деректердің қорғалуымен бірге, қаржылық қауіпсіздік секілді мәселелер де күшейе түсуі қазір басты назарда болып отыр. Сондай-ақ қазіргі таңда Президенттің ұсынысымен жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтар салынып, маман даярлау ісі де жолға қойылуда. Бұл туралы ол "Ең алдымен, біз есептеуіш орталықтардың қуатын арттыруымыз қажет. Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырамын. Бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болады. Жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарымда аталған компаниялардың басшыларымен кездестім. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік. Сонымен қатар жасанды интеллектіге арналған деректер экожүйесін дамыту маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының бұл іске білек сыбана кірісуі еліміздің дамуы жолында қолға алынған істердің маңызды екенін аңғартады. Оның үстіне бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компаниялар тартылатынын ескерсек бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі боларына үміт зор. Бұл да болса елімізде цифрлық даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынды жүріп жатқанын аңғартады.
Сондықтан қазір елімізде цифрлық даму үдерісімен бірге маман дайындауға да көңіл бөлген жөн. Президенттің айтуынша, озық IT-инфрақұрылым цифрлық индустриядағы келешек прогреске, атап айтқанда жасанды интеллектінің дамуына негіз қалайды. Сондықтан инфрақұрылымды дамытқан кезде IT-өнім әзірлеушілердің қажеттілігі әрдайым алдын ала ескерілуге тиіс. Мамандар ғана жүйенің дамуын жылдамдата алады.
Қазіргі таңда еліміздегі белгілі компаниялар да өздерінің даму жолын жасанды интеллектпен байланыстыруға тырысуда. Өйткені Президент бастап қолға алынған цифрлық технология жетістіктерінің қоғам дамуына ықпалы зор екенін байқатып отыр.
Мұны IT маманы Арман Әбдуәлі де растап отыр. «Біз дамыған елдердің қатарына енуді мақсат еткен ел ретінде уақыт сұранысындағы үдерістерден қалыс қалмауымыз керек. Әсіресе жасанды интеллектіні дамытуға баса назар аудару қажет. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылға қарай әлемдегі кәсіпорындардың 80 пайыздан астамы жасанды интеллект құралдарын қолданады деп күтілуде. Дәл қазіргі таңда бұл көрсеткіш 5 пайызға да жетпегенімен, алдағы уақытта жедел өзгеріс болатынын сала мамандары мойындап отыр. Өйткені бұл уақыт сұранысы. Медицина, білім беру, креативті индустрия салаларында жаһандық өзгерістер болып жатыр. Тіпті қолымыздағы ұялы телефонның өзі жасанды интеллектке негізделгенін байқап отырмыз. Яғни біз бұған қазірдің өзінде куә болып отырмыз. Егер сол өзгеріске бейімделіп үлгермесек, уақыт ағымынан қалып қоямыз. Нақты айтқанда, жасанды интеллекті арқылы біз экономикамызды қарқынды түрде дамытамыз, дамыған елдердің қатарына қосыламыз. Сондықтан тезірек даму көшінен қалмауымыз керек» дейді.
Жасанды интеллект туралы мемлекет басшысы үнемі атап өтіп келеді. Соның арқасында қазірдің өзінде бұл бағытта көптеген игі жұмыстар жүзеге асты.
Мәселен қазіргі таңда елімізде қолма қол ақша алып жүретіндердің қатары тым азайып кетті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 88 пайызға жеткен екен. Бұл өз кезегінде халықтың да жұмысын жеңілдетті. Бұрынғыдай банкоматтың алдында кезекке тұрмай, несиесін де онлайн төлеп, халықтың қолма қол ақша іздеп сабылуын азайтты.
Атап өтер жайт, 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 50 пайыздан аспаған еді. Халық барынша қолма қол төлем жасап, үнемі ақшасын қолда ұстағанды қолайлы көретін. Ал қазір ұялы телефоны болса болғаны, кез келген жерде есеп айырыса алатынын түсінеді. Небәрі төрт жылдың ішінде елімізде қаржы технологиясы қарқынды дамыды. Тіпті сол сандық жүйе, мобилдік аударым арқылы коммуналдық төлемді де үйден шықпастан онлайн төлеп, бар шаруасын қашықтан жүзеге асыруына мүмкіндік туды. Алыстағы тауарды да үйде отырып тапсырыс беріп, қоғамдық көлікте жолақы төлеу, газетке жазылу, турларды рәсімдеу, құжат жаңарту тіпті теміржол мен іуе жолдары билетін ала беретін болды. Мұндай тиімді жүйеге халықтың ықыласын көрген соң жаппай барлық сала, барлық деңгейдегі мекемелер өз жұмысын сандық жүйеге ауыстыруға жаппай тырысуда.
Нәтижесінде елімізде сандық жүйе, заманауи технология өзгерісі тез жүзеге асты. Ең бастысы алыстағы, тіпті шекараның арғы бетіндегі туысына да қажетті қаржыны сол заматта түсетіндей етіп аудара алатын болды. Бұл да болса сандық жүйенің артықшылығы еді. Халық қазір сандық жүйенің артықшылығын, күнделікті тұрмысқа қолайлы екенін түсініп келеді. Сондықтан өзгерістерге де шошымай барынша бейімделіп үлгеруде. Яғни халық тарапынан заманауи өзгерістерге қарсылық байқалмайды. Қазір тіпті шетелде тұрып келген қандастырымыз да еліміздегі бұл өзгерістерге оң баға беруде. Еліміздің сандық жүйеге, жасанды интеллект пен заманауи технологияға тез бейімделуі айтарлықтай байқалып отыр. Мәселен еліміздің сот жүйесі цифрлық дамуға ең алғашқылардың бірі болып өтті. Әсіресе әлемді жайлаған ковид жұқпалы дерті кезіндегі карантинде де еліміздің сот жүйесінің жұмысы тоқтамады. Цифрлық жүйе арқасында онлайн сот отырыстарын ұйымдастырып, халық үйде отырып ақ сот отырыстарына қатысуға мүмкіндік алды.
Бұл туралы Алматы қалалық Медеу аудандық сотының хатшысы Айгүл Қосанова «Жасанды интеллект жүйесін енгізу халықтың өз уақытын үнем¬деуіне және материалдық ресурстарын оңтайлы пайдалануына мүмкіндік береді. Мұндай автоматтандырылған жүйе халықтың сотқа деген сенімін де арттырады. Сонымен қатар судьяларға түсетін жүк¬те¬мені төмендетуге ықпал ете¬ді. Ал бұл үлкен көмек. Қазір соттардың жүктемесі үлкен мәселе болып тұрған кезеңде бұл мәселе өзекті. Алгоритмге негізделген ней¬рон¬дық желі миллиондаған сот ак¬тісін талдайды және судья¬ларға елдегі ұқсас істер бойынша статис¬тика мен басқа да қажетті мәлі¬мет¬терді ұсынып отырады. Әрине, жасанды интеллект судьяларды алмастыра алмайды, алайда күнделікті жүктемені жеңілдетеді. Сонымен қатар жа¬санды интел¬лектіні қолдану адам ресурстарын үнемдеуге, қа¬теліктерді азайтуға және судья-ларға күрделі істерге жіті назар аударуға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, азаматтардың сот төре¬лігіне қол жеткізуін жеңіл¬дете түседі. Алдағы уақытта бұл оңтайлы мүмкіндіктер тіпті арта түсуі де мүмкін» дейді.
Осы орайда бұл мәселеге еліміздің оң көзқарасы ықпал етті дей аламыз. Өйткені мемлекет басшысы тарапынан әр министрлікте өз саласына цифрлық өзгеріс жасау картасы болуы қажеттігі айтылған болатын. Осыған дейін цифрлық даму сатысынан өткен Сингапур тәжірибесі бойынша тиімді жүзеге асқан бұл өзгеріс біздің елімізде де бес жылға жетпей өзінің оң нәтижесін берді. Ол картада министрліктерге қарасты салаларға алдағы бес жыл ішінде қандай технологияның жаппай енгізілетіні туралы мәлімет те болуы керектегі міндеттелді. Нәтижесінде Үкімет тарапынан 87 мемлекеттік мәліметтер базасынан құралатын дерекқор қалыптастырды. Қазіргі таңдағы саладағы өзгеріс осы картаның нәтижесі деп айта аламыз. Бұл тұрғыда Президент «87 мемлекеттік мәліметтер базасынан құралатын дерекқор қалыптастырдық. Алайда жасанды интеллектінің озық үлгілерін жасау үшін мұның өзі аздық етеді. Сондықтан мемлекеттік және коммерциялық сектордағы иесі нақтыланбаған деректерді жинақтай берген жөн. Сондай-ақ деректерді басқару жүйесінің бірыңғай архитектурасын енгізген дұрыс.
Біз қуаты күшті суперкомпьютер құруға кірістік. Ол ғалымдарға ғана емес, сонымен қатар біздің нарықта жұмыс істейтін түрлі компанияларға да қолжетімді болады. Бұл қадам «ауқымды деректерді» кеңінен қолдануға тың серпін беретініне сенімдімін. Соңғы жылдары ғылым саласына бөлінетін қаржы айтарлықтай көбейді. Соның арқасында министрліктер зерттеу институттарымен бірлесе отырып, жасанды интеллектіні өз саласында қолдануға мүмкіндік беретін жобаларды ұсына алады. Яғни, елімізді әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыруымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда, заманның ағымынан қалмау керек. Цифрлық технологияны неғұрлым жедел әрі тиімді пайдалансақ, даму қарқынымыз да соғұрлым табысты болмақ. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз» деген болатын.
Яғни бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Еліміздің дамуына тың серпін береді деп күтіліп отырған цифрлы дәуір жетістіктерінен қазір қоғам зор үміт күтіп отыр.