Аталған іс-шара мемлекеттік органдардың құрылғанына 20 жыл толуына орай, департамент пен облыс әкімдігі тарапынан ұйымдастырылып, оған облыстың жоғары оқу орындарының әлеуеті биік түлектері, Департамент пен облыстық басқарма қызметкерлері, мемлекеттік қызмет ардагерлерінің, жалпы саны 230-ға жуық адамның қатысуымен өтті.
Форумды облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков пен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша Департаментінің басшысы Ә.Көмекбаев ашып, еліміздің, соның ішінде, облыстың дамуында жастарға үлкен үміт артылып отырғандығын жеткізді.
Форумда сөз алған Әли Амантайұлы Департамент жанынан әлеуетті жастарды мемлекеттік қызметке дайындау мақсатында құрылған Мемлекеттік қызмет мектебінің студенттеріне мемлекеттік қызметшілерінің бір күндік жұмыс күнін тамашалау мүмкіндігі туғандығын атап өтті.
– Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте жастардың саны мемлекеттік қызметшілердің 15% құрайды. Облысымыз бойынша бос лауазымдар саны 483 болса, сол орындарды білімді де білікті жастарымызбен толықтыру жоспарлануда, – деп атап өтті Ә.Көмекбаев.
Сондай-ақ, жиында Мемлекеттік қызметтің еңбек ардагерлері құрметке бөленіп, естелік сыйлықтар мен Құрмет грамоталары табысталды. Олар өз кезегінде жастарға өсиет айтып, мемлекеттік қызмет жолындағы еңбектеріне сәттілік тіледі.
Форум барысында студенттер бір күн бойы көрген, білгендерімен бөлісіп, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін сезініп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, жоғарғы оқу орнының бітірушілеріне арналған бір күндік Ашық есік күні өтті.
Ашық есік күні аясында Студенттер өздерін бір күнге бөлім басшысы, басқарма басшысы, облыс әкімі ретінде сезініп көріп, оларға ситуациялық сұрақтар қойылып, білімдері мен біліктіліктері де сыналды.
Жоғарғы оқу орнын аяқтаған әрбір жастың алдына қойған арман тілегі ол ең бірінші жұмысқа орналасу демекші, өзінің төрт жыл бойы алған білімі мен тәжірибесін көрсетуді әрбір жас өзінің мақсаты санайды.
Осы орайда, аталған іс-шара Студенттерге үлкен мүмкіндік беріп, түлектер түрлі эмоцияға беріліп, болашақта мемлекеттік қызметші болып халыққа қызмет етуге барлық жігерін салатынына кәміл сенімде болды.
Сонымен қатар, ашық есік күнінде жастарға мемлекеттік қызметке орналасу үшін тек қана білімге сену қажеттігі түсіндіріліп, мемлекеттік қызметтің қоғам өмірі үшін маңызы мен қоғамның даму үдерісіне қосатын үлесі туралы айтылды.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шараларды өткізу өз кезегінде жастарды мемлекеттік қызметке көптеп тартуға негіз болатындығына сенім білдіріп, осы тұрғыдағы іс-шараларды дәстүрлі түрде өткізу жоспарланғандығын алға тартты.