Жас кезімде бойдақ салығын төлегенмін — депутат

Қаракөз Амантай 06 ақп. 2025 15:04 1597

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов бойдақ салығына қатысты пікір білдіріп, оның жастарға кері әсер ететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, бойдақ салығын енгізу ешқандай мәселені шешпейді, керісінше, жастарға қосымша жүк болады.

“Біз жастарды қолдап, оларға қажет жағдай жасауымыз керек. Егер оларға үйленбегені үшін салық салсақ, бұл үлкен қателік болар еді”, — деп атап өтті депутат.

Осы тұста Сабильянов жас кезінде 1988-1991 жылдар аралығында бойдақ салығын төлегенін де қоса кетті. Ол сол уақытта Алматыдағы электротехникалық зауытта жұмыс істеп, жалақысынан салық ұсталғанын еске алды.

“Алайда бойдақ салығын төлегенім — тез үйленіп, отбасын құруыма себеп болған жоқ. 31 жасымда шаңырақ көтердім”, — деп қосты депутат.

Нұртай Сабильянов жастарға қолдау көрсетіп, кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасау қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар жастарға салық салудың орнына олардың жағдайын жақсартуға көмектесу керек екенін жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар