Алматы мен Талдықорғаннан барған республикалық БАҚ тілшілері мен облыстық ақпарат құралдарының журналистеріне арнап алдымен аудан әкімі Марат Сағымбеков өз кеңсесінде шағын есеп беру жиынын өткізді. Ары қарай тілшілер ауданда атқарылған, атқаруылуға тиісті мемлекеттік нысандарды аралады…
Панфилов ауданы 1928 жылы құрылған, 50 мың гектар жері бар, басым бөлігі суармалы егістік алқап, халқы егіншілікпен, мал шаруашылықпен, саудамен айналысады, теміржолда еңбек етеді.
Панфилов Жетісу өңіріндегі жүгерімен аты белгілі аудан екенін естеріңізге салайық. Былтыр жүгерінің келісі 126 теңге болған, биыл 70-75 теңгеге түсіп қалыпты. Әрине, мемлекеттен берілетін субсидия бар. Шаруалар мемлекеттен әр келісіне 6 теңге субсидия алады.
Алдымен «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынып жатқан білім ордасына ат басын бұрдық. Аудан әкімі ерекше мектеп болатынын айтып, Жаркент өңірінде бұрын-соңды ондай заманауи білім ордасы болмағанын ескертті.
Айтпақшы, аудан бойынша күрделі жөндеуді қажет ететін үш мектеп бар екен, оған мемлекеттік қазынадан 3 млрд теңге бөлініпті. Әкім Панфилов ауданында осы уақытқа дейін мектеп құрылысына ешқандай жұмыс жасалмағанын ашық айтты. Бізге көрсеткен үш мектептің құрылысы өткен ғасырдың ортасында салынған, кемі 60-70 жыл болған білім ошақтары.
Аудан әкімі Марат Сағымбеков жаңадан салынып жатқан мектеп құрылысына барғанда сөйлеген сөзінде ауданға жеке мектептердің көптеп салынуы қажет екенін айтты.
Сонымен бірге, Панфилов ауданында білім сапасы өте төмен екенін, бұл саланы жемқорлық әбден жайлап алғанын жасырмады. Естеріңізде болса, биыл көктемде ғана Талдықорған білім бөлімінің басшысы бірнеше миллион ақшамен Жаркент өңірінде қолға түскен жоқ па?
Панфилов ауданында денсаулық сақтау саласында да күрделі жұмыстар қажет. Аудан әкімінің айтуынша, Панфиловқа заманауи бір больница қажет. Басы ауырып, балтыры сыздаған науқас Алматы мен Талдықорғанға жүгірмеуі керек. Сол үшін заманауи жабдықталған мықты аурухана салынбақшы. Ана мен бала өлімі бойынша да бұл өңір күрделі ауданға жатады.
Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін Марат Сағымбеков Түркиядан алты дәрігер шақыртыпты биыл. Олар аудан тұрғындарының денсаулығын қарап, кейбірін Түркияға емделуге шақырған, ол жағы мемлекеттік порталмен шешіледі деді аудан басшысы.
Шекарадағы аудан осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығына мән беріп, мәдениет пен спорт назардан шығып қалған. Өткен ғасырда салынған мәдениет үйлері тозған, спорт залдары қаңырап бос қалған. Алтыүй, Үлкен Шаған, Талды ауылдарына мәдениет үйлері салынып, кейбіріне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы М.Сағымбеков «Мәдениет үйлерін бұрынғыдай қасқайтып салып қою бүгінгі уақыт талабына келмейді. Айына бір рет қана жиналыс өтіп, қалған уақытта бос тұратын мәдениет үйлері болмауы керек, сондықтан қазіргі уақыт талабына сай мәдениет үйлері қызмет етуі керек, мәдениет үйлерінің ішінде әртүрлі курстар, өнер мен спорттық үйірмелер жұмыс істейді» деді.
Панфилов ауданында ең соңғы рет асфальт 1991 жылы салыныпты. Ынталы ауылында бір ғасырдан бері асфальт болмаған, ауыл тұрғындары да осы уақытқа дейін тарихта тас төселмеген ауылдарына жол салу керек дегенді айтып, аудан атқа мінерлерін әурелемепті. Биыл осы жол салынған. Одан бөлек, бірнеше ауыл арасындағы жолға күрделі жөндеу жүргізіліп, тақтайдай асфальт төселген. Жолдың жайын жүрген біледі. Панфилов – Қазақстанның Қытайға шығар қақпасы. Қақпадағы отырған ауданның жолы тақтайдай болуы керек. Сағымбеков те осыны айтып отыр.
Тұрғынүй. Панфилов тұрғындары бұл жағынан да ауыз аша алмайды. Өйткені аймақта жиырма жылдан бері мемлекеттің бағдарламамен аудан тұрғындарына арнап бірде бір үй салынбаған. Үй кезегінде 4388, жер кезегінде 15 мың тұрғын бар. Осы уақытқа дейін салынған Нұркент сияқты шағын аудандар Панфилов тұрғындарына арналмаған, ол басқа аймақтан келген теміржолшыларға беріліп келіпті.
Панфилов ауданында тұрғын үйлерден бөлек, қонақүйлер де жетіспейді. Бұрын Қытайдан бір күнде 120 көлік кірсе, қазір күніне 1200 көлік кіреді. Сол мың көлікті айдап кірген жүргізушілердің тең жартысы сол күні қайтадан шекарадан шығып үлгереді десек, қалған жартысы Жаркентке қонуға мәжбүр. Оның бәрін қонақүймен қамтамасыз ету қиындық тудыруда. Қарапайым тұрғындар үйлерін жалдап амалдап отыр. Бір жағынан халық үшін жақсы, аз болса да кіріс бар. Бірақ оның қауіпсіздігі қонақүйдегідей болмайтыны анық. Сондықтан Жаркентке жолаушыларға, қонақтарға арнап қонақүй құрылысын салу керек. Бұл уақыт күттірмейтін шаруа. Аудан әкімі де журналистерге осыны ашық айтты.
Панфилов ауданында «Универсал» деген компания бар, кәдімгі қап тігеді. Өндіріс жүз пайыз автоматтандырылған. Полипропилен деген шикізатты Атыраудан әкеліп, одан жіп иіріп, ұн, күріш, қант, жарма, картоп сияқты азық түлік салуға арналған полипропилен қаптар тігіп жатыр. Журналистер зауытты аралап шықты. Компанияда 400 адам күндіз түні жұмыс жасап жатыр. Айына 5 млн қап тігіп, Қазақстаннан сырт көрші елдерге де сатады.
Жаркентте өндірілген өнім деген атпен шығатын «Жаркент крахмал сірне зауыты». 2005 жылы 19 қыркүйекте құрылған. Серіктестіктің жарғылық капиталы: 600 000 000 теңге. Кәсіпорында 250-ге жуық адам жұмыс істейді. Серіктестік әртүрлі крахмал мен сірне өндіру, жүгеріні терең өңдеу сияқты жұмыстармен айналысады. Компания Қазақстанды ғана емес, жақын және алыс шетелдердің кәсіпорындарының крахмал өнімдеріне деген өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыруда.
Бүгінгі таңда крахмал өнімдері тамақ, кондитерлік, жеңіл, тоқыма, қағаз басып шығару, темекі, сыра қайнату және шырын өнеркәсібінде, сондай-ақ құрылыс материалдары өндірісінде жоғары сұранысқа ие. Өндірілген өнімнің жалпы көлемінің 60%-ын Қазақстан Республикасының өндірістік кәсіпорындары алады, өнімнің 40%-ы Ресей Федерациясына, Қытай Халық Республикасына, Қырғыз Республикасына, Өзбекстан Республикасына, Тәжікстан Республикасына экспортталады. Бүгінгі таңда зауытты кеңейту, жаңғырту және жүгері өңдеу көлемін тәулігіне 300 тоннаға жеткізу үшін 1 800 000 000 теңгеден астам инвестиция салынды.
Қазіргі уақытта фабрикада 249 бірлік штаты бар кәсіби жұмысшылар бригадасы бар. Жұмысшылардың 95 пайызы 30 жасқа толмағандар. Орташа жалақы деңгейі 150 000 теңгеден асады. Кәсіпорында үш мезгіл тамақ, сонымен қатар қызметкерлерді тасымалдау үшін көлдік ұйымдастырған. Барлық жұмысшылар арнайы киім-кешекпен қамтамасыз еткен, сыйақы жүйесі жолға қойылған. Зауыттың жоғарғы басшылығы жыл сайын зауыт қызметкерлеріне де, тұрғындарға да діни және ұлттық мерекелер құрметіне қайырымдылық шараларын, соның ішінде оқу орындарына, Жаркент қаласындағы мүгедектер үйіне демеушілік және балалар, спорттық ойын-сауық турнирлерін өткізеді.
Серіктестік өндіретін өнімдері:
Жүгері крахмалы
Жүгері глютені
Жүгері ұрығы
Жүгері кебегі
Жүгері майы
Жүгері торты
Жүгері сиропы
Мальтоза сиропы
Карамель сірнесі
Жарас КЕМЕЛЖАН