– Бүгінде жастар ғылым саласына қызықпайды деген таптаурын көзқарастың тігісі сетіней бастағандай. Бұған дәлел өзің секілді ғылыммен айналысуға ынталы жастардың қатарының күн санап артып келеді. Жалпы өзіңнің химия саласына деген қызығушылығың қалай басталды?
– Мен 1-сыныпқа барғанша әліпби мен көбейту кестесін жатқа білдім. Ерекше жетістіктерім үшін екі рет сыныптан сыныпқа аттап, мектепті 15 жасымда бітірдім. Алғашында физика саласына қызығушылық болды, бірақ 9-сыныптан бастап химия пәнінен Әлия Есқалиқызы сабақ бере бастағаннан химия саласын зерттеуге ынта пайда болды. Ұстазым – Ә.Е.Темірболатова 8-11 сыныптарға арналған химия оқулықтарының, есептер жинағы, дидактикалық материалдардың авторы. Сонымен қатар Қазақстаннан тұңғыш рет дүниежүзілік олимпиадаға үміткер дайындап, шәкірті жүлделі орын алған болатын. Ұстазымның арқасында химия саласына қызғушылығым артып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге оқуға қабылдандым. Университет қабырғасында атақты химиктеріміздің степендияларының иегері болдым, конференцияларға қатысып жүлделі орындар алып жүрдім. 3-курстан бастап химия ғылымдарының докторы, профессор Жарылқасын Әбіловтің қолдауымен ғылыми жобалармен айналыса бастадым. Ол кісінің бастауымен жүргізілген биологиялық белсенді заттарды синтездеу, дәрілік өсімдік шикізаттарынан табиғи биологиялық активті кешендерін бөліп алу және тазалау, аталған заттардың активті дәрілік формаларын алу жұмыстарына арналған-ды.
– Осы ретте өзің айналысып жүрген ғылыми жобаларың туралы кеңінен әңгімелесең...
– Қазіргі таңда Қазақстан дәрілік препараттар мәселесінде импортқа тәуелді. Себебі дәріханалар мен ауруханадағы дәрі-дәрмектің 90%-ы шет елден алынады. Ал Қазақстандағы мұнай өңдеу технологиясы, органикалық синтез өндірісінің дамуы, кең байтақ жерімізде көлдің де, шөлдің де, таудың да, жазықтың да болуы дәрілік өсімдіктердің сан алуан түрін қамтамасыз етіп, табиғи активті кешендерді алуға мүмкіндік береді. Дәрілік заттарды алу технологиясында дәрілік активті затты алу – жұмыстың бастамасы ғана, бұдан кейінгі саты оны қолдануды ыңғайлы ету, емдік әсерін ұзақ уақытқа жеткізу (пролонгацияланған жүйе алу), дәрілік затты тек ауру ошағына жеткізу, сырқаттың ерекшеліктерін ескеру сияқты мәселелерді шешу үшін биологиялық активті заттардың дәрілік формаларын алу қажет. Менің жобадағы басты мақсатым – осы дәрілік формаларды дайындау.
– Осы дәрілік формалардың пайдасы неде?
Қазіргі таңда Қазақстан дәрілік препараттар мәселесінде импортқа тәуелді. Себебі дәріханалар мен ауруханадағы дәрі-дәрмектің 90%-ы шет елден алынады. Ал Қазақстандағы мұнай өңдеу технологиясы, органикалық синтез өндірісінің дамуы, кең байтақ жерімізде көлдің де, шөлдің де, таудың да, жазықтың да болуы дәрілік өсімдіктердің сан алуан түрін қамтамасыз етіп, табиғи активті кешендерді алуға мүмкіндік береді.
– Дәрілік формалар дегеніміз – активті биологиялық заттың қолданылу формасы, олар – жақпа майлар, таблеткалар, гельдер, инъекциялар, капсулалар, үлдірлер (пленка), паста, суспензия және тағы басқалар болуы мүмкін. Бізді қызықтырып отырғаны – жақпа майлар мен үлдірлер. Себебі мен қолданатын активті биологиялық кешен «Тамариксидин» («Тамарикс», қазақша атауы Жыңғыл, емдік шөбінен алынған) антимикробтық, қан тоқтатушылық, жара жазушы, антибактериялық және антидиабетикалық қасиеттерімен ерекшеленеді. Мұндай қасиеттері бар затты тері жараларында, терінің қабыну кезінде, күйік, химиялық – механикалық жарақаттар кезінде қолдануға болады. Ал осындай жағдайда жақпа май мен үлдірлерді қолдану жақпа майдың активті кешеннің жоғарғы эффективтілігіне қол жеткізеді.
– Жақпа майлар мен үлдірлердің құрамы қандай?
– Жақпа май дәрілік формасын алуда оның негізі ретінде бентонит сазын алған болатынбыз. Себебі, бентонит сазының пайдалы физика-механикалық қасиеттерімен бірге ісінушілік, сорбциялық, антисептикалық қасиеттерге ие. Сондай-ақ, бірегей дисперсті жүйе түзіп, басқа заттарға инерттілігі де жоғары, адам терісіне аллергиялық реакцияларды туғызбайтынды. Қазіргі заманның басты талабы бойынша экономикалық тұрғыдан арзан, қолдану, тазалау жұмыстарының оңтайландыра түсуімен ерекшеленеді. Қазақстанда бентонит сазының көп қоры бар. Бентонит сазы бұған дейін таблеткалы дәрілік формаларда толықтырғыш ретінде кеңінен қолданған – энтеросорбент (адам уланған немесе алкогольді артық мөлшерде қолданған кезде ішке ішуге арналған сорбенттер).
Қазіргі заманғы медициналық препараттарға қойылатын талаптар ескеріліп, жақпа майдың реологиялық қасиеттері, тикотропиялық қасиеттері анықталды. Қазір жоба аясында бентонит сазынан полимер композитті үлдірлер дайындау үстіндеміз. Мұндай үлдірлер қолдануға ыңғайлы. Терінің қабынған жара осы үлдірдерді жауып емдеуге болады. Әдетте бір жеріміз ауырғанда ішетін дәріміз 6 сағатқа дейін әсер етіп, одан кейін тағы да дәрі ішіп жатамыз. Ал біздің үлдір 12 сағатқа дейін белсенді түрде әрекет ететін қасиетке ие. Күйік шалып, тері жараланғанда осы үлдірді жараны таңып, тәулік бойы жүре беруіңізге болады. Қайта жаққыңыз келсе жуып, сүртіп тастауға болады. Өйткені ол гидрофильді. Сонымен қатар майлы үлдірлер ауа өткізгіштік қасиетке ие, теріні ашытпайды, киімге жабыспайды.
– Жоба аясында шетелдік әріптестеріңізбен байланыстарыңыз қандай?
– Университетіміздің инновациялы-технологиялық бағытты приоритетті бағыт деп көрсетуі химия факультетінде жүргізілетін жобалар мен зерттеу жұмыстарын өзекті, Қазақстан экономикасы мен өндіріс-шаруашылығына тиімді, еліміздің шикізаттарын қолдану, оны өңдеу және жоғары, заман талабына сай өнім шығаруды мақсат тұтуға итермелейді. Біздің жобамыз факультетімізде жасалып жатқан аталмыш талаптарды қанағаттандыратын жобалардың бірі деп толықтай айта аламыз. Жоба жасалу барысында университеттің мүмкіншіліктері толықтай пайдаланылып, кафедрамыздың шет елдердегі серіктестіктері де, нақтырақ айтқанда, Германиядағы Потсдам университеті, Росток қаласындағы университетіміздің жергілікті университетпен бірлесіп ашқан зертханасы, Пакистан еліндегі серіктестеріміз жобамыздың ілгері жылжуына оң ықпалын тигізіп отыр.
– Бұрын ғалымдарымыз тек зерттеумен ғана айналысатын, ал бүгінде ғылымға деген көзқарас өзгеріп, ғалымдар әлемдік ғылым жүйесіне ықпалдасып жатыр. Ғылым әрбір елдің өз қазанында қайнағаны дұрыс па, әлде әлеммен ықпалдаса дамығаны жақсы ма?
– Өзім оқитын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да басқа оқу орындарымен салыстырғанда магистранттар мен докторнаттардың саны екі есе көп. Жылдар бойы қалыптасқан ғылыми база мен жоғары дәрежелі ғалымдарымыздың жолын жалғап, ізін басар жас ғалымдардың бірі болуға талпынамын. Өйткені ғылым мен білімді біріктіргенде ғана, жоғары нәтижелерге қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Сондықтан өз болашағымды тек ғылым саласымен байланыстырамын. Ғылым – елдің болашағын қамтамасыз ететін, бөлінген қаражатыңыз бірнеше есе болып қайтатын салалардың бірі. Бүгінде мемлекет тарапынан ғылым саласына көңіл бөлініп жатыр, арнайы жобалармен айналысуға да мүмкіндік бар. Менің көзқарасымда ғалым адам тек ғылыммен айналысып қана қоймай, ол өз жобасын жүзеге асыра алатындай кәсіпкер де болуы керек. Қазірде ағылшын тілін меңгермей, әлемдік деңгейге отандық жобаларды таныту мүмкін емес. Сондықтан да бүгінгі ғалым әмбебап болуы қажет деп санаймын.
Арайлым БИМЕНДИВА,
«ҰҒТАО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі бас маманы.