«БАҚ төртінші билік дейді ғой. Еліміздегі барша журналистер қауымын мерекелерімен құттықтаймын.
Жетісудағы биылғы Журналистер күнін айрықша атап өттік. Биыл «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің құрылғанына 100 жыл толды. Үлкен той. Осы тойға тыңғылықты дайындықпен келдік.
Журналистикадағы жастар, орта буын өкілдері, осы саланың жілігін жағып, майын ішкен қайраткерлер қауымының еңбегін елеп-ескеріп осынау шара аясында 6 бірдей журналистке пәтер кілтін табыс еттік!
Бұл үлкен қуаныш және жалғасты болғаны жөн.
Журналистер – бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпір ғой. Алтын көпір неғұрлым мықты болса және міндетін ойдағыдай атқарса бұқара мен биліктің арасындағы диалог та соғұрлым шынайы болмақ.
Қазақ журналистикасы жыл өткен сайын дамып, жетіліп келеді. Қазақстан көпұлтты ел. Әйткенмен айту міндет.
Тәуелсіздік алған уақыттан бері тілдің дамуымен бірге қазақтілді БАҚ-тың саны да, сапасы да артуда.
Тиісінше қазақтілді ақпарат құралдарының қоғам өміріндегі маңыздылығы, салмағы да арта түсуде. Ең бастысы жылдан-жылға қазақтілді ақпараттың тұтынушылары, оқырмандары көбейіп келеді.
Өзіне қажетті ақпаратты қазақша оқып білгісі келетін ауқымды аудитория қалыптасты және ол өсу үстінде. Мұның бәрі қазақтілді сегменттің артуына, дамуына мүмкіндігінің молаюына әсер етіп жатыр.
Мереке құтты болсын! Қалам мұқалмасын. Жазар көбейсін», – деді Жақсылық Омар.