Әлеуметтік желілерде жаппай іс-шара түсірілген бейнежазба тарап, оған қоғамдық жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған арандатушылық мәлімдемелер қоса берілген. Аталған жағдайға Маңғыстау облысының полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұл бейнеролик шамамен төрт жыл бұрын түсірілген және өңірдегі қазіргі ахуалға ешқандай қатысы жоқ.
«Мұндай контентті тарату азаматтарды адастырады, шынайы жағдайды бұрмалайды және жалған ақпарат тарату болып есептеледі», - деп атап өтті полиция өкілдері Lada.kz-ке.
Сондай-ақ таратылған материалдың авторының жеке басы анықталған. Полицияның мәліметінше, ол бұрын сотталған және қазір іздеуде жүр. 2024 жылы Атырау қаласының соты оны бірқатар ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныған. Қазіргі таңда күдікті Қазақстан Республикасынан тыс жерде бой тасалап жүр.
Оны ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары кешені жүргізіліп жатыр.
Маңғыстау облысының полиция департаменті бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде көрінеу жалған ақпарат таратқаны, сондай-ақ арандатушылық сипаттағы үндеулер жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Өңір тұрғындарын тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және арандатушылыққа ермеуге шақырды.
