Жапондар өзбекстандық медбикелерді жұмысқа шақырады

Dalanews 19 мам. 2017 03:40 807

Жапонияның әлеуметтік қамтамасыз ету корпорациясы Өзбекстаннан медбикелерді жұмысқа тартуға ниетті. Бұл мәселе Өзбекстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Азиз Абдухакимов пен Жапонияның әлеуметтік қамтамасыз ету корпорация өкілдері арасында талқыланып жатыр.

Келіссөзден кейін мыңға жуық өзбекстандық медбикелер Жапонияға жұмыс істеуге барады деп жоспарланып отыр. «Жапонияда бала туу төмендеп жатыр. Онда қарияларды күтетін адам жетіспейді. Осы тапшылықтың орнын толтыру үшін жапондық корпорация арнайы бағдарлама әзірлеп, өзбекстандықтарды жұмысқа тартқысы келеді», -деді еңбек министрлігінің өкілі.

Оның сөздерінше, жапониялық делегация ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатқымыз келеді деп мәлімдеген. Қазіргі уақытта жұмысшылардың орташа жасы, қойылатын талаптар, білігі талқыланып жатыр екен. Мұнан бөлек Өзбекстанның бірқатар медициналық колледжінде жапон тілін енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатқан көрінеді.

«Іріктеу кезінде жұмысшының медициналық білімі оншалықты маңызды болмайды. Жапондықтар бұл үшін арнайы курстан өтуі жеткілікті дейді. Олар қазірдің өзінде жапон тілін аздап білетін 35 медбикені ертіп кетуге даяр екен», - дейді министрлік өкілі.

Аталған жапониялық корпорация аурухана, қарттар үйі және демалыс орындарында қарияларға күтім жасау қызметімен айналысады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар