Жансейіт Түймебаев: "Мақсатымыз тұтынушылар мен өндірушілер арасында тығыз байланысты орнату"

Dalanews 29 там. 2017 12:50 855

Елордасы – Астанада бүгіннен басталған Оңтүстік Қазақстан облысының күндері аясында «Оңтүстік өнімдері» тауарөндірушілердің көрмесі ашылды. Жиынға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев барша келушілерге алғысын білдіре отырып, күнгейлік көрме арқылы өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетімен танысуға мүмкіндіктің мол екенін айтты.



– Биыл біздің елімізде шын мәніндегі ғажайып оқиға – «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтуде. Бұл техникалық және технологиялық жетістіктерді көрсететін, жаңа идеялар мен қызықты жобалардың нышаны, индустрияландыру символы болып табылатын халықаралық көрме. Ал бүгінгі тауарөндірушілер көрмесінің өткізілуі біз үшін өте маңызды оқиға. Мұнда өзіміздің жетістіктерімізді көрсетіп, көпшілікке танымал етуге, тұтынушылар мен өндірушілер арасында тығыз байланысты орнатуға мүмкіндік көп, – деді Жансейіт Қансейітұлы.



«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне күнгейден жеткен тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, фармацевтика және құрылыс заттары салаларының 60-тан астам кәсіпорны қатысып жатыр.

Үш күнге жалғасатын шарада Оңтүстіктің шағын қаржыландыру орталықтары мен ауыр және жеңіл өнеркәсіптерге қатысты индустриалды аймақтары, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация мен көліктік-логистикалық аймақтар, туристік ақпараттық орталықтардың дүңгіршектері қойылды.



Бас қаладағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында ұйымдастырылып жатқан көрмеге келушілер, атап айтқанда, облысымызға кеңінен танымал кілем өнімдері мен шұлық-ұйық бұйымдарын, үйге арналған тоқыма бұйымдарды, киімдер, оқу формалары, сәбилерге арналған жиынтықтарды тамашалап жатса, бірқатар қонақтар Оңтүстікте тігілген аяқ киімдер мен ерлер костюмдерін киіп көріп жүр. Мұнан бөлек, елордалық жұртшылықтың назарына күнгейде жасалған трансформаторлар, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар, медициналық құрылғылар, құрылыс заттары, жиһаз, азық-түлік өнімдері және өзге де өнімдер ұсынылуда.



Ерекше айта кететін жайт, көрмеге келушілердің шарада ұсынылған Оңтүстік өнімдерін нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатып алуға мүмкіндігі бар.

Аталған іс-шара аясында LED экранда облыстың инвестициялық тартымдылығы бойынша бейне ролик пен облыстық өнеркәсіп кәсіпорындары туралы фильмдер көрсетілетін болады.



ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар