Жәнібек Әлімханұлының командасы допинг дауына қатысты ресми мәлімдеме жасады

Ақтоты Жапатова 03 жел. 2025 12:31

Қазақ боксшысы, бұрынғы WBO чемпионы Жәнібек Әлімханұлының 7 желтоқсанда АҚШ-та өтуі тиіс Эрисланди Ларамен (WBA) жекпе-жегі болмайтын болды. Оған себеп – VADA допинг-тестінің оң нәтижесі. Бұл жағдайға қатысты боксшы командасы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz

Боксшы командасының айтуынша, жағдай күтпеген жерден болған.

«Бұл жаңалық бізді қалай таңғалдырса, жанкүйерлерді де дәл сондай күйге түсіргенін білеміз. VADA-ның алғашқы сынамасы таза деп хабарланды. Алайда кейін екінші сынамадан күмән тудырған көрсеткіш табылғаны айтылды. Бірінші және екінші тест арасында біз не тамақтануымызды, не витамин қабылдау тәртібін өзгерткен жоқпыз. Мұның себебін түсіне алмай отырмыз», – делінген мәлімдемеде.

Команда жекпе-жекке төрт ай бойы дайындалғанын, шетелде қомақты шығын жұмсап, отбасынан жырақ жүргенін атап өтті.

Сондай-ақ команда менеджерлері мен заңгерлері істі толық зерттеп жатқанын, қайта сынама тапсыруға рұқсат сұралғанын хабарлады. Бұрын алынған сынаманың екінші бөлігі де қайта тексеріліп жатыр.

Боксшының өзі де бұл жағдайға таңғалғанын жазады.

«Мен әрқашан таза спортты жақтаймын. Мұны бәріңіз білесіздер. VADA бірінші рет анализ алған кезде бәрі таза деген еді. Екінші тестте неге мұндай көрсеткіш шыққанын түсінбей отырмын. Қайта анализ тапсыруға өтініш бердік. Жауабын күтіп отырмыз», – деді Жәнібек әлеуметтік желідегі парақшасында.

WBO бұл оқиға бойынша ішкі тергеу бастағанын ресми түрде растады.

Әзірге жаңа тексерістің нәтижесі қашан шығатыны белгісіз. Команда жағдайды «спорттағы қиын сынақтардың бірі» деп бағалап, жанкүйерлерден қолдау білдіруді сұрады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар