Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына байланысты әлі де тексеріс аясында қалып отыр. Алайда оның ісі бойынша түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстанның кәсіби бокс федерациясының тәртіптік комиссиясы спортшыға қатысты алғашқы тыңдауды өткізді. Комиссия бұл кезеңде нақты үкім шығаруды емес, істің материалдары мен рәсімдеріне бастапқы баға беруді мақсат еткен.
Федерация президенті Рахымжан Ерденбековтің айтуынша, іс жан-жақты зерттеуді талап етеді.
"Бұл кезеңнің өзінде істі формалды түрде қарау мүмкін еместігі анықталды. Сондықтан қосымша медициналық, сараптамалық және құқықтық бағалау қажет. Осыған байланысты 23 қаңтарға қайта тыңдау тағайындалды. Бұл - күрделі допинг істерінде қолданылатын халықаралық стандартты тәжірибе", - деді ол.
Федерация басшысы допинг сынамасынан оң нәтиже шығуы спортшының кінәсін бірден дәлелдей алмайтынын атап өтті.
"Допинг-сынаманың оң нәтижесі өздігінен спортшының қасақана әрекетін немесе елеулі кінәсін білдірмейді", - деді Рахымжан Ерденбеков.
Қазіргі таңда комиссия барлық деректерді жан-жақты сараптағаннан кейін ғана түпкілікті шешім қабылдайтынын хабарлады.
Жәнібек Әлімханұлының ісі бойынша қайта тыңдау 23 қаңтарда өтеді.
