Астанада ЛГБТ құқықтарын қорғаумен айналысатын белсенді Виталий Шевченконың Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинге қарсы азаматтық талап-арызы бойынша сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Белсенді депутатты не үшін сотқа берді?
Виталий Шевченконың айтуынша, депутаттың әлеуметтік желіде айтқан сөзі ар-намысы мен қадір-қасиетіне, сондай-ақ іскерлік беделіне нұқсан келтірген.
Шевченконың түсіндіруінше, дау депутатпен әлеуметтік желідегі пікірталас барысында туындаған. Ол бұл талқылауда гомофобия салдарынан мектеп жасында көрген буллинг тәжірибесі туралы жазған. Алайда депутат оған “не кукарекать” деп жауап берген.
Белсендінің пікірінше, бұл тіркес ЛГБТ өкіліне қатысты қолданылған жағдайда қорлайтын, кемсітуші және гомофобиялық сипатқа ие, себебі ол белгілі бір әлеуметтік контексте адамның қадір-қасиетін төмендетуге бағытталған.
“Мен ешкімді балағаттаған жоқпын, арандатқан да емеспін. Тек өз өмірімде бастан өткерген жайттарды айттым. Ал маған жауап ретінде қорлайтын сөз қолданылды”, - дейді Виталий Шевченко.
Оның айтуынша, бұл жағдай тек жеке дау емес, жария тұлғалардың сөз жауапкершілігіне қатысты мәселе. Шевченко мемлекеттік қызметте жүрген адамның мұндай сөз айтуы қоғамда кемсітушілікті күшейтуі мүмкін деп есептейді.
Осыған байланысты ол соттан депутаттың мәлімдемесін ар-намысына тиетін, қорлайтын деп тануды және көпшілік алдында кешірім сұрауды талап етпек.
Мәжілістің ұстанымы және сотқа дейінгі кезең
Сотқа жүгінер алдында Виталий Шевченко Мәжіліске ресми шағым түсірген. Алайда жауапта депутаттың әрекеттері үшін жауапкершілікке тартуға негіз жоқ екені көрсетілген. Мәжіліс депутаттың мәлімдемесін жеке көзқарас ретінде бағалаған.
Сонымен бірге Мәжіліс төрағасының жанындағы депутаттық этика жөніндегі кеңестің төрағасы Бақытқожа Ізмұхамбетов өтініш иесіне бұл шешіммен келіспеген жағдайда сотқа жүгінуге болатынын хабарлаған.
Осыдан кейін Шевченко Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына талап-арыз берген.
Сот сараптамасы және процесс барысы
Алдын ала сот отырысы 14 қаңтарда өткен. Кейін сот тараптардың диалогына лингвистикалық және мағыналық сараптама жүргізуді мақұлдаған. Қазіргі таңда сот процесі осы сараптаманың нәтижесін күтіп отыр. Бұл туралы “Құқықтар, төменнен жоғары қарай: Қазақстан өңірлерінде адам құқықтары қалай қорғалады және құқық қорғаушылар қандай кедергілерге тап болады” атты адам құқықтарын қорғау саласындағы өңірлік проблемаларға тікелей арналған пресс-конференцияда белсенді Виталий Шевченко мәлімдеді.
Оның айтуынша, соттың алғашқы кезеңдері жабық форматта өткен, оған тараптар ғана қатысқан. Ал негізгі сот отырысы 18 ақпанға белгіленіп отыр. Ол бұл отырысқа журналистер мен қоғамдық бақылаушылардың қатысуына рұқсат беріледі деп үміттенетінін айтты.
Шевченко соттағы негізгі дау айтылған сөздердің контекстіне байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, депутаттың мәлімдемелері Қазақстандағы ЛГБТ өкілдерінің құқықтары туралы талқылау аясында айтылған және дәл сол әлеуметтік әрі мәдени контексте қорлайтын сипатқа ие.
“Әзірге ештеңе нақты емес. Айта алатыным, барлық нәрсенің өз контексті болады. Мысалы, сөздің де. Менің түсінігімде ол сөздер белгілі бір контексте айтылған. Бұл - ЛГБТ тақырыбындағы контекст, және ол сөздердің мағынасы дәл сол ортада қалыптасады”, - деді ол.
Оның сөзінше, қарсы тарап пен депутаттың адвокаттары бұл сөздерде ешқандай кемсітуші немесе қорлайтын контекст жоқ екенін алға тартып отыр.
“Олардың негізгі уәжі - бұл сөздерде астар да, мағына да жоқ. Ал мен үшін, Кеңес Одағында өсіп, қазір Қазақстанда өмір сүріп жатқан адам ретінде, бұл сөздердің қандай контексте қолданылатынын бәріміз де жақсы білеміз. Және ол контекстте ешқандай жағымды мағына жоқ. Керісінше, ол сөздер адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын, кемсітетін сипатқа ие”, - деп қосты ол.
Айта кетейік, депутат Еділ Жаңбыршин ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуды көздейтін заң нормасының авторларының бірі.
Бұған дейін ол ЛГБТ мәселесі талқыланып келе жатқанына бес жылдың жүзі болғанын айтып, өткір пікір білдірген еді.
Депутат мінберден өзі де, әріптестері де бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, мәселені бүге-шігесіне дейін талқылағанын еске салды.
"Бұл қасиетсіз топ қасиетті киіз үйімізде тайраңдап, ұлттық құндылықтарымызды аяққа таптады. Ұлттық фольклорымызда гомосексуализм бар деп, тұтас халыққа жала жапты. Бұл бір. Екінші. Тіпті мектептерге барып, ашық әрі заңсыз пропоганда жүргізді. Одан қалса, Еділ Жаңбыршин, Асхат Аймағамбетов, Жанарбек Әшімжан, Ардақ Назаров, Елнұр Бейсенбаев пен Самат Мұсабаевқа ақпараттық шабуыл жасады. Біздің жеке басымызға өтіп, келемеждеді. Сол үшін арнайы контент әзірленіп, таратылды. Бұл - барып тұрған бассыздық, заң шығарушы органның өкілдеріне қысым жасау, адам құқығын таптау", - деді ол.
