Қарағанды облысынан Ұлытау облысының, Шығыс Қазақстан облысынан Абай облысының және Алматы облысынан Жетісу облысының бөлініп шығуы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қабылдаған шешім десек болады.
Тәуелсіздік жылдары елордамыз Астананы салуға айрықша көңіл бөлініп, облыстарға тиісті деңгейде көңіл бөлінбегіне жасырын емес.
Мемлекет басшысы осы бір өзекті мәселеге айрықша көңіл бөліп, еліміз үшін маңызды шешім қабылдағаны дұрыс болды. Жаңа облыстарды құру айтар ауызға жеңіл дүние болғанымен жаңа облыстардың аумақтық территориясын анықтап, әкімшілік басқару жүйесін құру үшін біраз уақыт қажет.
Жаңа облыстарды құру кезінде жергілікті халықтың пікірі де ескерілгенін айта кетуіміз керек. Тәуелсіздік жылдары Шығыс Қазақстан облысының құрамындағы болған Семей қаласы қатты жүдеп-жадағаны жасырын емес. Енді Семей қаласы жеке-дара Абай облысының орталығы ретінде қайта құрылып, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басайын деп тұр.
Мемлекеттік басқару жүйесі барлық аймақтардың тең дәрежеде дамуын қамтамасыз етуі маңызды. Сол кезде еліміздің экономикалық қуаты артып, халықтың әлеуметтік жағдайы арта түсетіні анық. Мұндай кезеңде мемлекеттің басқару жүйесінің оң бағытта жұмыс істеп жатқанын бағамдауға болады. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысының елімізде жаңа облыстарды құрып, олардың да жан-жақты дамуына мән беру маңызды бастама екені сөзсіз.
Қолға алынған аумақтық даму бағытындағы жұмыстар аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дауындағы теңгерімсіздікті жойып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына септігін тигізетін болады.
Бұл бағыттағы жұмыстар 5 миллионнан астам адамның тұрмыс жағдайына жақсаруына әсер ететін болады.
Осы ретте көзі қарақты оқырмандары «елімізде жаңа облыстардың пайда болуы халықтың тұрмыс жағдайына қалай әсер етеді?» деп сұрайтыны анық. Бұған жауап беріп кетудің маңызы зор. Айталық, осыған дейін шалғайда жатқан ауыл-аймақтарда тұратын азаматтар қандайда бір қағаз құжаттың реттеу үшін облыс орталығына бару үшін ұзақ жол жүруіне тура келген еді. Айталық, Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының тұрғындары облыс орталығы Талдықорғанға баруы үшін біраз қаржысы мен уақытын жоғалатып келді. Енді Жамбыл мен Талғар ауданының тұрғындары 300 шақырым қашықтықта жатқан Талдықорғанға шапқыламайды. Бар шаруасын 100 шақырым жердегі Қонаев қаласына барып бітіріп, түске дейін үйіне келіп алады. Осылайша ондаған мың адам ақшасы мен уақытын үнемдейді.
Қазақтың жері үлкен. Сол себепті тауардың өзіндік құнының біраз бөлігі жол шығынына кететіні жасырын емес. Елімізде соңғы рет орын алған аумақтық-әкімшілік бөлініс заман сұранысынан туындаған дүние. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасын қарапайым халық қолдап отыр.