Әлеуметтік желіде "жұмыс істейтін адамдардың 2025 жыл бойғы жалақысынан алынған жеке табыс салығы кері қайтарылады, бәрі ақшаға қарық болады" немесе "жеке табыс салығы енді жалақыдан ұсталмайды, сәйкесінше жалақы өседі" деген сипатта тұспалдау түріндегі пікірлер аракідік кездесіп қалып жүр. Бұл не нәрсе? Аталған жаңашылдықтың егжей-тегжейіне Dalanews.kz тілшісі бойлап көруге тырысты.
Алдымен әңгіменің қайдан шығып жатқанына тоқтала кетелік. Жаңа салық кодексіне биыл көптеген түрлі өзгерістер енгізіліп жатқаны белгілі. Бұл – соның бір парасы. Нақтырақ айтқанда, ҚР Салық кодексінде "Стандартты шегерімдер" деген 346-бап бар. Міне, осы бапқа ретроспективті өзгерістер енгізу көзделген. Бүгіндері Сенаттың қарауында жатқан бұл құжаттағы өзгерістерге сәйкес, 2025 жылдан бастап Қазақстанда стандартты салық шегерімін 14-тен (55 048 теңге) 30 АЕК-ке (117 960 теңге) дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Ал бұл миллиондаған жұмысшыларға түсетін салық жүктемесін азайтуға көмек болмақ. Нақтырақ айтқанда, ол салық түрінде ұсталатын соманы қысқартуға мүмкіндік беретін көрінеді. Мұндайда, мамандардың айтуынша, әсіресе ресми жалақысы 150 000 теңгеден аспайтындар ұтады. Ал Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, айына 150 000 теңгеге дейін жалақы алатындар еліміздегі жұмысшылардың 52%-ын құрайды екен. Бұл, әсіресе, әлеуметтік, жастар тартылған салаларда өзекті.
Жалпы, стандартты шегерімдер жалақыдағы жеке табыс салығын есептеу кезінде әр ай сайын қолданылады. Енді жаңа өзгеріске сәйкес стандартты шегерімдердің жыл бойындағы көлемі 168 емес, 360 АЕК-тан аспауы тиіс болады. Оның үстіне бұл заң жобасы, мәселен жылдың соңында қабылданса да стандартты шегерімдердің жаңа түрі 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап есептеліп, кейінгі мерзіммен күшіне енеді.
Оның үстіне әр топтағы азаматтарға қатысты бұрын салық бойынша түрлі жеңілдіктер қарастырылып келсе, жаңа Салық кодексі қабылданғанда олардың басым бөлігі өз күшін жояды. Оның өтемі ретінде 2025 жылдан бастап кімде кімнің ресми жалақысы 30 АЕК-тан (117 960 теңге) аспайды, олардан жеке табыс салығы ұсталмайды. Әрі олардың жалақысында өсім болады.
Біз білікті бухгалтер Раушан Сәтиеваны сөзге тарта отырып, жалақысы 150 мың теңге болатын адамға осыған дейін жыл басынан алынған жеке табыс салығы қайтарылса, оның қанша соманы құрауы мүмкін екенін анықтап, есеп жүргізіп беруін сұрадық.
Ол аталған өзгеріс енгізілген жағдайда жұмыс беруші мен бухгалтерлер жұмысшысынан ұсталған ЖТС бойынша қайта есеп жүргізіп, салық органына жаңартылған есеп-қисапты өткізуі керек болатынын нақтылайды. Сондай-ақ маман мұндай артық ақша анықталып жатса, төлем тек жыл қорытындысы бойынша: салықтық декларация өткізіліп, барлық тексеру жүргізіліп болған соң жасалатынын да айтады. Яғни, жұмыс берушінің шотына осы есептелген артық сома келіп түскен жағдайда ғана қайтарылады.
"Бұл өзгеріс әрбір жұмысшының жалақысына шамамен 6000 мың теңге үстемелей алады (бірнеше жалақы алатынына қарамастан), егер ол қабылданып жатса, Мәселен, 130 000 теңге жалақы алатын адамның айлығы 136 000 теңге болады. Алайда, мына жайтты ескерген дұрыс, біздің бюджет алғанды жақсы көреді, бірақ қайтарғанды "ұнатпайды". Мұндайда әрбір тиын өте қатаң тексеруден өтеді. Сондықтан бұл соманың қолға жету уақыты ұзарып кетуі мүмкін немесе одан күдер үзуге тура келетін жағдайлар туындауы да ықтимал", - деген білікті бухгалтер төмендегі есеп-қисапты ұсына кетті.
Ресми жалақысы 150 000 теңге адамның қолына тиетін ақша ( бұрынғы есеп бойынша) қанша:
- 150 000 (ресми жалақы көлемі) – 15 000 (ұсталатын зейнетақы алымы – 10%) – 3000 (ұсталатын МӘМС+т.т – 2%) = 132 000 теңге.
- 132 000 – 55 048 (14АЕК- стандартты шегерім)=76 952*10%=7695 теңге ЖТС.
- 150 000 – 15 000 – 3000 – 7695 = 124 305 теңге – бұл жұмысшының осыған дейін қолына тиіп келген айлық ақшасы.
Енді жаңадан қабылданады деген есеп бойынша:
- 150 000 (ресми жалақы көлемі) – 15 000 (ұсталатын зейнетақы алымы – 10%) – 3000 (ұсталатын МӘМС+т.т – 2%) = 132 000 теңге.
- 132 000 – 117 960 (30АЕК - стандартты шегерім)=14 040 *10%=1404 теңге ЖТС.
- 150 000 – 15 000 – 3000 – 1404 = 130 596 теңге – бұл жаңа өзгерістен кейін жұмысшының қолға тиетін ақшасы.
- Сонда ресми түрде 150 000 теңге айлық алатын жұмысшы жалақысынан бұрын 7695 теңге көлемінде жеке табыс салығы ұсталып келсе, жаңа өзгеріске сәйкес, оның көлемі кеміп, 1404 теңгені құрайды. Демек, ресми жалақысы 150 000 теңге жұмысшының қолына енді 124 305 теңге емес, 130 596 теңге тиіп, айлығы 6791 теңгеге көбейеді!