Жаңа Қазақстан Назарбаевтың экс-құдасынан тағы бірнеше активті қайтарып алды

Dalanews 18 қаз. 2023 07:08 1247

Қайрат Боранбаев мемлекет меншігіне сауда ойын-сауық кешенін, жылжымайтын мүлікті басқару компаниясын және фитнес клубтар желісін қайтарды деп жазды Dalanews.kz.  

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша иемлекет меншігіне қайтарылған нысандар  Астана, Алматы және Қостанай қалаларында орналасқан.

Бұл нысандардың барлығын қолданыстағы заңнамаға сәйкес демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастыра отырып, әлеуметтік мақсаттарға пайдалану жоспарлануда

"Мемлекет кірісіне жалпы құны 33,75 млрд теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сондай-ақ сауықтыру және фитнес желісі өтті. Атап айтқанда, оңтүстік мегаполистің орталығында орналасқан "Алмалы" сауда орталығының ғимараты мен жалға беру және мүлікті басқарумен айналысатын "Unity Hall" ЖШС. Almaty Towers бизнес орталығында орналасқан нысанның ауданы 11 мың шаршы метрден асады. Сондай-ақ, "Fitnation" фитнес-клубтар желісі де мемлекет меншігіне өтті", - делінген Қаржылық мониторинг агенттігі хабарламасында.

Активтерді қайтару жұмыстары әлі де жалғасуда.

Бұған дейін Қайрат Боранбаевтың құны 1,4 млрд теңге болатын Comfort Hotel Astana қонақ үй кешенін мемлекет меншігіне берілгені хабарланған. Ауданы 5 мың шаршы метрден асатын қонақ үйдің жылдық айналымы – 900 млн теңгеге жуық.

12 қазанда Қайрат Боранбаевпен байланысты Phystech II компаниясы акцияларының 100 пайызын "өз еркімен және өтеусіз" мемлекет меншігіне қайтарды. Көмірсутек игерумен айналысатын компания акцияларының бір бөлігі Боранбаевқа тиесілі болған.

Бұған дейін Қазақстан үкіметі сотталған миллионер Қайрат Боранбаевтан тәркіленген мүлікті мемлекет есебіне беруді не сатуды, я сенімгерлік басқаруға беретінін хабарлаған.

Боранбаев биыл наурызда 8 жыл түрме жазасын алған. Кейін Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Боранбаевтың үкімін өзгертіп, қыркүйекте сот оны 6 жылға соттады. Боранбаев "Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi", "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемдену" және "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру" баптары бойынша айыпталған.

Биыл тамызда жергілікті БАҚ Боранбаевтың адвокатына сүйене отырып, кәсіпкер тергеу органдарымен процессуалдық келісім жасауға келіскенін, бас бостандықтан айырылу жазасының орнына кінәні мойындап, шығынды өтеуге келіскенін жазған.


Қайрат Боранбаев – экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы. 2021 жылы Forbes Kazakhstan оның байлығын 590 млн деп бағалап, оны Қазақстандағы ең дәулетті 50 бизнесменнің қатарына қосқан.

...

Айтқандай, экс-премьер Асқар Мәминге тықыр таянды. Толығырақ осы жерде: https://t.me/dalainside/1531

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар