Әбілязовтан басқа маңызды дүние бар
Бұл жиынның Брюссельде өтетіні мәлім болғанда біраз жұрт Еуропада бойтасалап жүрген Мұхтар Әбілязовқа қарсы ұйымдастырылған шара екенін де айтып қалды.
Иә, логикаға сияды. Бүгінде Қазақстанда тыйым салған ұйымның жұмысын әлеуметтік желі арқылы қыздыруға бар күшін салған Әбілязов қазір биліктің бас ауруына айналғаны жасырын емес.
Сондықтан жұрттың бұлай ойлауы заңды. Бірақ Брюссельде өткен жиынға Қазақстаннан аттанған саясаткерлердің тобына назар аударған адам – олардың бір күнде биліктің «ұртоқпағына» айналамайтынын жақсы біледі. Дос Көшім, Айдос Сарым, Әміржан Қосанов, Расул Жұмалы бастаған саясаткерлердің мұндай әрекетке бармасы анық.
Екіншіден, дәл осы кезде билік пен оппозицияда жүрген азаматтардың өз мүддесін көздеуі еліміздің үлкен тығырыққа тірейтіні анық. Егер ел ішінде саяси тартыс үдей түссе, тәуелсіздіктен айырылып қалуымыз да бек мүмкін.
Сондықтан саясатта жүрген азаматтардың қиын кезеңде бірігуін үлкен жетістік деп бағалауға болады.
Осыдан 3-4 жыл бұрын Дос Көшім мен Әкежан Қажыгелдин бір үстелдің басында отырып, ел мүддесі төңірегінде әңгімелесіпті, болмаса, Айдос Сарым мен Расул Жұмалы Әкежан Қажыгелдинмен кездесуге жолға шығыпты деген хабар тараса сенбес едік.
Айтпақшы, «бұл іске биліктің қатысы болмаса (Әбілязовты әлсіретуді көздемесе деп қабылдасаңыз да болады), Қазақстаннан бір топ саясаткерлер құдалыққа барғандай, Еуропаға кедергісіз қалайша барып, келді» деген күмән-күдік біраз адамның көкейінде жүргені анық.
Біздер мұндай жандарға еліміз үшін Әбілязовтың билікке қарсы саяси күресінен маңызды дүниелердің бар екенін естеріне саламыз. Кез келген адам осы сұрақты өзіне қоятын болса, біраз сұраққа жауап алатыны анық.
Ресейден іргені аулақ салу
Қазіргі таңда әлемдік геосаяси жағдай мың құбылып тұрғаны баршаға мәлім. Бүгінде биліктің өзі де көршіміз Ресейдің шашбауын көтере берсе, үлкен тығырыққа маңдай тірейтінін түсінді.
Дәл қазір әлемдегі саяси жағдай алай-түлей болғанмен, бұл кезең Қазақстанда саяси реформа жүргізу үшін қолайлы кезең болып тұрғанын билік те, оппозицияда жүрген азаматтар да ұғынып, түсініп отыр.
Ресей АҚШ бастаған Батыс елдерімен күресіп жатқанда ресми Астананың еліміздегі демократиялық күштердің басшыларымен ымыраға келіп, Еуропа елдерінің алдында "маневер" жасайтын жаңа жолдар іздестіруін түсінуге болады. Егер биліктің мұндай ойы болса, оны сөге, жамандаудың жөні жоқ.
Кім біледі, ертеңгі күні Ресейдегі Путин режимі санкцияларға шыдас бермей сұлап түссе, биліктің Еуропа елдерінің алдына тартатын аргументі болуы керек қой. Қазақстанның оппозицияда жүрген, жалпы еркін ойлы азаматтарының Еуропа төрінде бас қосып, елдегі саяси ахуалды талқыласа, бұдан Қазақстанды Орталық Азия, қала берді Достастық елдері арасында демократиясы біршама дамыған ел екенін әйгілеп, шоқтығын биіктете түсетіні анық. Сол себепті, бұл басқосуды Әбілязовқа қарсы ұйымдастырылған шара деп тон пішіп, жауырын ашудың орынсыз екенін байқаймыз. Мұның астары тым тереңде.
Саяси жылымық және қазақ тілі
Жалпы алдағы уақытта еліміздегі саяси жылымық орнауы мүмкін. Бұл өз кезегінде Еуропада билікті қатты сынға алып жатқан Әбілязовтың бәсін төмендететіні сөзсіз.
Еуропадағы еркін ойлы азаматтардың басқосуы, күні кеше ғана белгілі ғалым Саят Ыбырайдың мезгілінен бұрын абақтыдан босап шығуы – айналып келгенде, еліміздегі саяси плюрализм бойына қан жүгіртіп, Әбілязовтың екпінін табиғи түрде бәсеңдете түседі.
Осы бір жайттардың астарына үңілген жұрт соңғы уақыттары Қазақстанда қазақтілді саясаткерлердің күш алып, билік санасатын деңгейге жеткенін аңғаруға болады. Бұл – ұлттық мемлекеттің іргетасын қалаудағы маңызды қадам екенін естен шығармаған жөн.
Күні кешегі форумда қыл аяғы Қажыгелдиннің қазақ тілінде сұхбат беріп, қазақ тілінде сөйлеуі, қазақ тілді ортада шыққан ғалым, қоғам қайраткері Саят Ыбырайдың бостандыққа шығуынан алдағы уақытта Қазақстанда саяси билікке ұмтылған топтар арасында қазақ тілін білу жеңіске жетелейтін негізгі фактор болатынын байқауға болады.
Ендігі кезекте «Жаңа Қазақстан" форуымының елімізге тигізер қандай пайдасы бар?» деген сұраққа жауап берсек. Жалпы алған еліміздегі демокртиялық құндылықтарды ту етіп көтерген азаматтардың Еуропа төрінде бас қосып, саяси мәжіліс құруы елімізде саяси мәдениеттің қалыптасқанын айғақтайтын құбылыс.
Форум жұмысына қатысқан азаматтардың табанында бүрі бар, басты орынға ел мүддесін қоя алатын азаматтар екені белгілі. Сондықтан алдағы уақытта бұл азаматтар билікке нақты талаптап қойып, билік алмасуына қатысып, күрделі кезеңді абыроймен өтуге бар күш-жігерін жұмысайты сөзсіз. Айталық, "Азаттық" тілшісіне берен сұхбатында Әкежан Қажыгелдин сыртқы күштердің (Еуропарламент) ықпал етуімен елдегі саяси өзгерістерге араласатынын айтты. Ал оның қалай іске аса бастайтынын жақын күндері көре бастауымыз мүмкін. Сондықтан "Жаңа Қазақстан" форумы көп дүниеге бастамашы болатын мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта форумның мақсаты мен елміздегі саяси жүйеге ықпалы айқындала түсетіні анық. Сондықтан форумның елге тигезетін пайдасы өте зор екенін байқауға болады.
Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист, саяси сарапшы.
https://dalanews.kz/19865