Жаңа Конституцияны 30 жыл бұрынғыдай 12 адам емес, 130 адам әзірлеп жатыр – Ерлан Қарин

Ақтоты Жапатова 07 ақп. 2026 15:32

Жаңа Конституция мәтіні қоғам талқысына ұсынылғанына бір апта болды. Осы уақыт ішінде ел азаматтарынан 4 мыңнан астам ұсыныс пен пікір келіп түскен. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz 

Мемлекеттік кеңесші қоғамда жиі қойылатын «Дамыған елдердің уақыт сынынан өткен Конституциясын неге көшіріп алмаймыз?» деген сұраққа да тоқталды.

Оның айтуынша, әр елдің Конституциясы сол мемлекеттің тарихи жолына, мәдениетіне, тіліне, саяси жүйесіне және құндылықтарына сай қалыптасады.

– Германияда, Францияда, Жапонияда немесе АҚШ-та тиімді жұмыс істеп тұрған нормалар Қазақстан үшін дәл сол күйінде жарамсыз болуы мүмкін. Тіпті мәдениеті мен экономикасы ұқсас елдердің өзі Конституцияны бір-бірінен көшірмейді. Ендеше тарихы мен болмысы бөлек Қазақстан неге өзге елдің моделін сол күйінде қабылдауы керек? – деді Ерлан Қарин Астанадағы Конституциялық сот ғимаратында өткен жиында.

Ол сондай-ақ кейбір мемлекеттердің негізгі заңдарында Қазақстанның мәдениеті мен ұлттық құндылықтарына сәйкес келмейтін нормалар бар екенін атап өтті. Ал жаңа Ата заңда зайырлылық, неке және қоғамның іргелі құндылықтарын қорғайтын тетіктер нақты айқындалған.

– Конституция – жай ғана құқықтық мәтін емес. Ол – қоғамның ішкі дүниетанымын, моральдық ұстанымын, болашаққа деген бағытын айқындайтын құжат. Біз өз тағдырымызды өзіміз шешеміз. «Кімбіз, қайда барамыз?» деген сауалдарға сырттан емес, өзіміз жауап береміз. Бұл ұстаным жаңа преамбулада көрініс табады, – деді Мемлекеттік кеңесші.

Ерлан Қарин 1995 жылғы Конституцияны әзірлеу тәжірибесіне де тоқталды. Оның айтуынша, сол кезде негізгі заңды 12 адамнан тұратын Сарапшылық кеңес дайындаған, олардың үшеуі шетелдік мамандар болған.

– Олар халықаралық құқықты жақсы меңгерген болуы мүмкін. Алайда еліміздің тарихы мен ұлттық болмысын қаншалықты терең түсінгенін нақты айту қиын. Ал Конституцияны жазуда бұл факторлар аса маңызды, – деді ол.

Қазіргі уақытта жаңа Конституцияны әзірлеу жұмысы мүлде басқа форматта жүргізіліп жатыр.

– Бүгінгі таңда жаңа Ата заңды жабық кабинеттегі 12 адам емес, әр өңірден жиналған, түрлі саланың өкілдері кіретін, ашық форматта, тікелей эфирде жұмыс істеп жатқан 130 адамнан тұратын комиссия әзірлеуде. Комиссия құрамында бірде-бір шетелдік азамат жоқ. Бұл – өз құқықтық жүйемізді өзіміз жасай алатынымыздың дәлелі, – деді Комиссия мүшесі.

Сондай-ақ жаңа Конституцияның ең алдымен қазақ тілінде, мемлекеттік тілде әзірленіп жатқанын ерекше атап өтті.

– Сондықтан бұл – шын мәнінде халықтық Конституция. Бізге ешкім сырттан ақыл айтып отырған жоқ. Біз өзара пікірталас жүргізіп, өз тілімізде, елдік және ұлттық мүдде тұрғысынан негізгі заңды қабылдап жатырмыз, – деп түйіндеді Ерлан Қарин.

Еске салайық, бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысы өтіп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove