Жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері саудаланып жатқан жәрмеңкеге облыс әкімі Жансейіт Түймебав арнайы қатысып, тұрғандар мен шаруаларды жаңа жылмен құттықтап, олармен пікір алмасты. Сөрелерге қойылған ауыл шаруашылығы өнімдерімен танысқан өңір басшысы бағаны тұрақтандырып, халыққа қолайлы жағдай жасауда әлеуметтік базарлардың әсері мол екенін айтты.
«2017 жыл өңірдегі ауыл шаруашылығы үшін табысты жыл болды. Биыл облыс бойынша 1,3 млн тонна бақша дақылдары, 963 мың тонна көкөніс, 293 мың тонна картоп, 116 мың тонна жеміс пен 77 мың тонна жүзім жиналды. Қамбаға 397 мың тоннаға жуық астық құйылды. Мал шаруашлығында да өсім байқалып, ет және сүт өндіру көрсеткіштері артты. Нәтижесінде ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 497,8 млрд.тг. құрап өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 39,7 млрд.тг. артты» - деді әкім.
Жәрмеңкеде аудан қалалардан жиналған шаруалар 230 тоннадан астам табиғи таза өнімдерді қала тұрғындарына нарықтағыдан төмен бағада ұсынды. Мұнда 50-ден астам азық-түлік тауарлары қойылды. Оның ішінде ет, сүт өнімдері, балық, шұжық, көкөністер мен жеміс-жидектер бар.
Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі жылдан-жылға артып келеді. Жалпы биыл 40 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мемлекеттік қолдауға ие болды.
Мерекелік жәрмеңкеде көкөністер мен жеміс-жидектерден шырша орнатылды. Жәрмеңке соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Онда өнерпаздар тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі