Жамбыл облысында бір аялдамаға 16,8 млн теңге бөлінді деген ақпараттан кейін, Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылының әкімі бұл қаржының нақты неге жұмсалатынын түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ауыл әкімі Ратбек Күсембаевтың айтуынша, аталған жоба бір ғана аялдамаға емес, елді мекен ішіндегі бірнеше нысанды қамтиды.
Оның сөзінше, бұл жағдай Жуалы ауданына қарасты Бауыржан Момышұлы ауылында орын алған. Ауыл аудан орталығы болғандықтан, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында елді мекен ішінде бірнеше аялдама салу жоспарланған.
"Тұрғындардың ыңғайы үшін 33 автобус аялдамасы мен 33 қоқыс жәшігін орнату қарастырылған",- деді әкім.
Сонымен қатар ол биыл қаржыландырудың шектеулі екенін атап өтті.
"Қаржы тапшылығына байланысты жұмыстар төртінші деңгейлі бюджет қаражаты есебінен жүргізіліп жатыр", - деп түсіндірді ол.
Әкімнің айтуынша, ауыл бюджеті қымбат нысандарды орнатуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан жергілікті қоғамдық кеңеспен ақылдаса отырып, қолжетімді нұсқа таңдалған.
"Біздің бюджет бір нысанға 4–5 млн теңге жұмсауға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты ауыл әкімі қоғамдық кеңеспен кеңесе отырып, тиісті шешім қабылдады", - деді Күсембаев.
Сондай-ақ бір аялдама мен оған қоса орнатылатын қоқыс жәшігінің орташа құны шамамен 509 мың теңгені құрайтынын нақтылады.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысындағы ауылдардың бірінде аялдама орнатуға 16,8 млн теңге бөлінгені туралы жазған едік.
