Жамбыл облысындағы ауылдардың бірінде 16,8 миллион теңгеге тікелей келісімшарт жасалған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Goszakupturaly арнасы аталған келісімшарттың күмәнді тұстарына назар аударды.
“Келісімнің қысқаша сипаттамасында автобус аялдамасы мен қоқыс жәшігі сатып алынатыны ғана көрсетілген. Алайда сатып алудың техникалық сипаттамасы мүлде жоқ, тек смета тіркелген”, - дейді дереккөз.
Бірақ сметадағы сандардың өзі келісімшарттағы жалпы сомамен де, сатып алу нысанымен де сәйкес келмейді.
“Мәселен, автобус аялдамасын жасау үшін 456 шаршы метр профлист қажет деп көрсетілген. Ал кәдімгі аялдаманың аумағы шамамен 6 шаршы метр ғана.
Енді қиялдап көрейік: аялдаманы толықтай профлистпен айналдыра қаптап, оны екі қабат етіп жасаса да, ең көп дегенде 60 шаршы метр шамасында ғана материал қажет болар еді. Сонда қалған 400 шаршы метр профлист не үшін керек?”, - деп қосты дереккөз.
Сонымен қатар сатып алуда КТРУ коды да қате көрсетілген. Металлоконструкция дайындаудың орнына есік немесе қақпа жасау қызметі жазылып кеткен.
Дегенмен бұл тікелей келісімшарттағы ең үлкен мәселе емес. Ең күмәнді тұсы - бір ғана автобус аялдамасына 16,8 миллион теңге бөлінуі.
“Үлкен қалалармен салыстырмай-ақ, ұқсас елді мекендердегі осындай жобаларға назар аударайық. Мәселен, биыл наурыз айында Нұра ауылында дәл осындай аялдамалар конкурс арқылы сатып алынған. Байқауға үш компания қатысып, нәтижесінде 4,3 миллион теңгеге 14 аялдама орнатылған”, - деп толықтырды арна.
Яғни, бір аялдаманың құны бұл жерде шамамен бірнеше есе ғана емес, ондаған есе арзан. Жалпы айырмашылықты есептесек, шамамен 50 есеге дейін жетеді.
“Мұндай айырмашылық қағаз жүзінде де сенімсіз көрінеді. Бағаны қанша жерден негізсіз көтерсе де, мұндай алшақтық ақылға сыймайды.
Сондықтан бұл жерде не бір емес, бірнеше аялдама сатып алынған болуы мүмкін, не болмаса бір автобусқа арналған қарапайым аялдама емес, автобустар тоқтайтын үлкен кешен - шағын автовокзал секілді нысан қарастырылған шығар”, - дейді Goszakupturaly дереккөзі.
Алайда мұны нақты білу мүмкін емес. Себебі сатып алу құжаттарында ешқандай нақты ақпарат берілмеген. Тіркелген смета да қисынсыз сандарға толы тек формалды сипатта жазылған.
