Жамбыл облысында мектепке бақсы келген: жауапты адамдар қызметінен қуылды

Көркем Алдабергенова 11 қыр. 2024 09:27 2967

Жамбыл облысындағы мектепке бақсының келуіне байланысты бірнеше жауапты адам қызметінен кетті,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Айта кетейік, оқиға Тұрар Рысқұлов ауданындағы Тереңөзек ауылында болған еді.

Тексеруді Жамбыл облысының бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі, Жамбыл облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері жүргізді.

Оқиға орнында білім беру, ақпарат және қоғамдық даму басқармаларының қызметкерлері жұмыс істеді. 

Тексеру нәтижесінде Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары А.Терлікбаев, Жамбыл атындағы мектеп директора Э.Закимбаева өз еркімен қызметінен кетті. 

Тұрар Рысұлов ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысына және Тереңөзек ауылының әкіміне қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында бақсыны күтіп алу үшін ұстаздардан ақша жиналғанын жазған едік. Әлеуметтік желіде Томирис патшайымның киімін киген емшінің мектепке барған видеосы тарады. Бейнежазбада оның Жамбыл облысындағы ауылдардың бірінде ұрандатып келе жатқанын байқауға болады. Бұл көрініс көпшіліктің ашуын тудырды.

Әлемжеліде тараған мәліметтерге сүйенсек,  Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Тереңөзек ауылында Гүлсара Суазқызы келіп кеткеннен кейін дау шыққан. “Томирис” есімімен танылған емшіні күтіп алу үшін мұғалімдерден 4 мың теңгеден жинаған. Ал жергілікті тұрғындар сол қаражатпен оған құрмет көрсеткен.

Көпшіліктің сынына іліккен оқиғаға қатысты Тереңөзек ауылдық округінің әкімі Қанат Смат пікір білдірді. 

“Қонақтарды күтіп алу, жатар орынға жайғастыру, дастархан шығындарына аудан әкімдігінің де, біздің де еш қатысымыз жоқ”, - деп жауап берді ауыл әкімі Тuraninfo.kz агенттігінің журналистері жолдаған сауалға.

Ал мектеп басшылығы ұстаздардан емшіні күтіп алу үшін ақша жиналғанын растады. Оның құрметіне орай мектеп тарапынан “Туған жерге тағзым” — “Мектепке жол!” республикалық қайырымдылық акциялары аясында іс-шара ұйымдастырылған.

“Томирис” лақап атын еншілеген емші өзін ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мишель Нострадамус атындағы Проскопия ғылымдарының академигі деп таныстырған.

Осы тұста Dalanews белгілі журналист Гүлмира Әбіқайдың жазбасына да назар аударды. Оның айтуынша, бақсының 4 метрлік шлейфі бар көйлегін оқушылар көтеріп жүрген. Ең қызығы ол мектепке көмектесемін деп, оның орнына мектепке жыртылған киім, сынған ойыншықтар мен іске жарамайтын компьютер берген көрінеді. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар