14 желтоқсанда Жамбыл облысындағы "Айша-биби" өткізу пунктінде ірі көлемде есірткі заттарын тасымалдауға бағытталған әрекет тоқтатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"14 желтоқсан күні "Айша-биби" өткізу пунктінде ҰҚК шекара қызметі көліктің жасырын бөліктерінде техникалық құралдарды қолдану арқылы 36 қаптама күдікті заттарды анықтады. Кейбір қаптамаларда "999" деген таңба болған", – делінген Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратқан хабарламада.
ҰҚК мәліметінше, сараптама нәтижесінде табылған заттардың жалпы салмағы 30 кг-нан асып, олар есірткі екенін көрсетті: героин – 0,999 кг, опий – 3,620 кг, гашиш – 25,949 кг.
Оқиға орнында шетелдік азамат ұсталған, қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде.
"Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөліміне сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды", – деп түйіндеді ҰҚК.
