Жамбыл облысында бұрынғы мемлекеттік кәсіпорынның төрағасы мен бірнеше қызметкері ауыл шаруашылығына бөлінген 373 миллион теңге субсидияны жымқырды деген айыппен сотталды. Бұл туралы облыстық соттардың біріккен баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қылмыстық істі Меркі аудандық соты қараған. Прокуратура бұл істің негізгі фигуранттарын 2023 жылдың ақпанында жария еткен. Олар квазимемлекеттік ТОО-ның бұрынғы басқарма төрағасы мен оның орынбасары. Айта кетерлігі, сол кезде келтірілген шығын сомасы бұдан әлдеқайда аз көрсетілген еді.
"Сотталушылар ТОО-ны басқара жүріп, қызмет бабын пайдаланып, өздерінің материалдық жағдайын жақсарту мақсатында алаяқтық жолмен бюджет қаржысын нақтырақ айтқанда, өсімдік шаруашылығы саласында өнім көлемі мен сапасын арттыруға арналған субсидияны жымқырған", — делінген ресми хабарламада.
Тергеу материалдарына сәйкес, кәсіпорын басшысы мен оның орынбасары алма ағашының көшеттерін сатып алуға қатысты келісімшарттар жасаған. Алайда олардың тапсырмасымен қарамағындағы қызметкерлер келісімшарттардың алғашқы беттерін ауыстырып, сатып алынатын көшеттердің санын бірнеше есе көбейтіп көрсеткен.
Сотта ТОО басшылығы өз кінәсін жартылай мойындағанымен, келтірілген шығын сомасымен келіспейтінін, көрсетілген сома тым жоғары деп есептейтінін айтқан. Олар бас бостандығынан айырмайтын жаза сұраған. Ал бес қызметкер кінәні толық мойындаған.
Нәтижесінде бұрынғы басшы жеті жылға, ал оның орынбасары алты жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған қызметкерлерге үш жылдан бес жылға дейін бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.