Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев бірқатар даулы оқиғадан кейін қызметінен босатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Жамбыл облысы ПД бұрынғы бастығы Малыбаев Б.А. берген рапортына сәйкес, ішкі істер министрінің бұйрығымен қызметінен босатылды”, – деп мәлімдеді сейсенбі күні ІІМ-нің баспасөз қызметі.
Малыбаев Жамбыл облысының полициясын 2024 жылдың қыркүйегінен бері басқарған еді.
Бұған дейін өңірлік полиция департаментінде бірқатар сыбайлас жемқорлық жанжалдары орын алды. Соның ішінде Жамбыл облысы полиция бастығының орынбасары Жайдарбек Құттыбаев алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Сонымен бірге пара алу дерегіне байланысты тағы бір қызметкердің үстінен іс қозғалды.
Осы оқиғалардың аясында Малыбаев рапорт жазып, отставкаға кеткен. Ал ІІМ Жамбыл облысындағы полиция қатарын "тазарту" жұмыстарын бастап, "құқық қорғау органдарында сатқындарға орын жоқ" деп мәлімдеді.
Парақорлық пен заңбұзушылық деректері басқарманың беделін күрт түсіріп, бірнеше қызметкердің жұмыстан босатылуына және қылмыстық жауапкершілікке тартылуына алып келді.
Малыбаевтың еңбек жолы
Бақытжан Малыбаев 1969 жылдың 23 шілдесінде Жамбыл облысы Қордай ауданы Қызылтас ауылында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1990 жылы бастаған.
1990–2016 жылдар аралығында ішкі істер органдарында орта және аға басшылық құрамындағы түрлі лауазымдарда қызмет атқарды.
2016 жылдан – Астана қаласы ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы.
2018–2019 жылдары – Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары.
2019 жылдан – Астана қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары.
2022 жылғы қарашадан 2024 жылғы қыркүйекке дейін – Көліктегі полиция департаментінің бастығы қызметін атқарды.
2024 жылы 24 қыркүйекте Жамбыл облысы полициясының басшысы болып тағайындалды.
Бұған дейін
Еске сала кетейік, тамыз айының соңында Бақытжан Малыбаевтың бұрынғы орынбасары заңға қайшы әрекет жасады деген күдікпен қамауға алынды.
Ресми хабарламада жоғары лауазымды полицейді Ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік департаменті қызметкерлері ұстағаны айтылған. Дегенмен оның нақты қандай құқықбұзушылыққа барғаны ашып көрсетілмеген.
“Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 2025 жылғы 29 тамыздағы ішкі істер министрінің бұйрығымен ол қызметінен теріс себептермен босатылды”, – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.