Әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер мен негізсіз айыптауларға тап болған ҰҚШҰ төрағасы Иманғали Тасмағамбетов қоғамға алғаш рет ашық мәлімдеме жасап, ұстанымы мен өмірлік қағидаларын жеткізді деп хабарлайды Dalanews.kz.
Соңғы кезде кейбір қолданушылар оның ҰҚШҰ-дағы қызметі мен елге деген адалдығына күмән келтіріп, тіпті "ресейшіл", "сатқын" деп те айыптаған еді.
Тасмағамбетов осыған қатысты пікірін сабырмен жеткізіп, «ақтың отын ақымақ өшіре алмайды», – деді.
Оның сөзінше, ақиқат тек көзге көрінетін дүние емес, ол жүрекпен сезіліп, ардың таразысына салынады. Қоғам қайраткері әлеуметтік желінің жауапсыздық пен жалған ақпараттың тез тарауына жол ашатынын мойындай отырып, азаматтарды ар алдындағы жауапкершілікті ұмытпауға шақырды.
«Мен – туған елдің перзентімін», – деген Иманғали Нұрғалиұлы өз мәлімдемесінде Атыраудың киелі топырағында дүниеге келіп, қазақы тәрбие көргенін, ел мен жер алдындағы аманатқа адал болуды өмірлік ұстанымы еткенін ерекше атап өтті.
Ол ҰҚШҰ-дағы қызметін де Қазақстанның қауіпсіздігі мен ел мүддесін қорғауға арнағанын айтып, ел үшін кез келген сынаққа төзу – өзіне мәртебе екенін жеткізді.
"Кейбір бақытсыз жандар мені "ресейшіл", "орысшыл" деп қаралап жүр. Келіссөздің күші емес, зымыранның мысы басып тұрған заманда, ОДКБ-ға туған елімнің атынан барып, мемлекеттің мүддесі үшін от пен суға түскенім үшін сатқын болғаным ба?.. Қадірімді білмегендердің арасында еңсемді түсіргім келмейді", - дейді саясаткер.
"Жалған сөз – жара, ал ар – шындықтың қалқаны", – деген ол қоғамды желіде тараған кез келген ақпаратқа сын көзбен қарауға шақырды. Әбіш Кекілбаевтың «Арлы адам – ең күшті адам» деген сөзін мысалға келтіріп, азаматтық ұстаным мен адалдықты бәрінен биік қойды.
Тасмағамбетов сонымен қатар қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ұлт бірлігі мен рухани тәуелсіздіктің маңызына ерекше тоқталып, өз ұлтына қарсы әрекетті қаныпезерлік, ал бөгденің сойылын соғуды соқырлық деп бағалады.
Айтуынша, Украина мен Ресейдің арасындағы қантөгісте жеңімпаз болмайды. Бәрі де жеңіледі. Мұндай жағдайда біреудің сойылын соғу нағыз соқырлық. Ал өз ұлтына соғыс тілеу нағыз қаніпезерлік.
Қазір шетелде қызмет етіп жүрсе де, ойы мен жүрегі әрдайым Қазақстанмен бірге екенін айтқан қайраткер, елдің әр жетістігін өзінің жеңісіндей қабылдайтынын айтты. Ол қызмет барысында ешқашан ұятқа қалдырар әрекетке бармағанын айтып, халық алдында да, ар алдында да жүзі ашық екенін жеткізді.
Тасмағамбетовтің бұл үндеуі қоғамды сабырлыққа, ауызбіршілік пен парасатқа шақырған мәнді мәлімдеме болды. Мәлімдемесін қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаумен аяқтап, халыққа бірлік пен береке тіледі.