Жалған құжат жасаудың жазасы қандай?

Көркем Алдабергенова 25 қар. 2025 15:22

Қостанай облысының прокуратурасы аймақ аумағында жеке тұлғалардың жұмысқа орналасу, мемлекеттік қызметтерді алу және жеңілдіктерді ресімдеу кезінде жалған құжаттарды дайындауы мен пайдалануының 36 фактісінің тіркелгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Биыл тамыз айында шекара қызметінің қызметкерлері көлік құралын тіркеу туралы куәлікке енгізілген газ жабдығын орнату туралы жалған белгісі бар автомобильді пайдаланған жүргізушіні анықтады.

Сот кінәліге 10 АЕК (39 320 теңге) мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындады.

Басқа жағдайда, жалған жүргізуші куәліктерін пайдаланғаны үшін екі адам қылмыстық жауаптылыққа тартылды, оларға 20 АЕК (78 640 теңге) мөлшерінде айыппұл тағайындалды.

Осы жылдың қараша айында облыс прокуратурасы жалған ветеринариялық анықтамаларды дайындаған және пайдаланған өңір тұрғынына қатысты қылмыстық іс жіберді.

Сонымен қатар, жалған жоғары білім туралы дипломның негізінде жалақыға үстемеақыны заңсыз алу фактісі анықталды. 

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес құжаттарды қолдан жасағаны үшін 2 000 АЕК-ке дейін айыппұл, түзеу не қоғамдық жұмыстар, екі жылға дейінгі мерзімге шектеу не бас бостандығынан айыру түріндегі жауаптылыққа көзделген.

Алдын ала сөз байласу арқылы бірнеше рет немесе адамдар тобы жасаған дәл осындай әрекеттер қатаң жазаға әкеледі - төрт жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін.

Көрінеу жалған құжатты пайдалану 160 АЕК - кедейін айыппұл салуға, түзеу не қоғамдық жұмыстарға, ал жекелеген жағдайларда - 40 тәулікке дейін қамауға алуға әкеп соғады.

Облыс прокуратурасы азаматтарға құжаттарды тек уәкілетті мемлекеттік органдардан алуға, жалған анықтамаларды, дипломдар мен куәліктерді пайдаланбауға, сондай-ақ жұмысқа орналасу және мәмілелер жасасу кезінде ұсынылатын құжаттардың түпнұсқалығын тексеруге кеңес береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар