Жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген 900-ге жуық көлік анықталды

Көркем Алдабергенова 12 қаң. 2026 11:22

Қазақстанның республикалық маңызы бар автожолдарында жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында жалған, жасырылған, оқылмайтын немесе талапқа сай орнатылмаған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдалануға қатысты шамамен 900 құқықбұзушылық тіркелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекеттік нөмір – көліктің негізгі сәйкестендіру белгісі. Оны еркін әрі анық оқуға ештеңе кедергі келтірмеуі керек: нөмір стандартқа сай орнатылып, кез келген уақытта жақсы көрініп, оқылуы тиіс. Егер ластанса, жүргізуші оны дер кезінде тазалауға міндетті. Мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз көлік басқару, жалған немесе өзгертілген нөмір қолдану, сондай-ақ нөмірді жасыратын, бұрмалайтын немесе тануға кедергі келтіретін құрылғыларды пайдалану - Жол қозғалысы ережелері мен Қазақстан Республикасының заңнамасын тікелей бұзу болып саналады.

Қандай жауапкершілік қарастырылған?

ӘҚБтК-нің 590-бабына сәйкес (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 АЕК – 4 325 теңге):

1-бөлік
Оқылмайтын немесе талапқа сай орнатылмаған нөмірлер - 5 АЕК айыппұл (21 625 теңге).

2-бөлік
Мемлекеттік нөмірсіз көлік басқару (сондай-ақ тіркелмеген немесе пайдалануға тыйым салынған көлік) - 10 АЕК (43 250 теңге).

2-1-бөлік (бір жыл ішінде қайталанса)
20 АЕК (86 500 теңге) немесе сот шешімімен 1 жылға жүргізуші куәлігінен айыру.

3-бөлік
Көлікке әдейі жалған немесе қолдан жасалған нөмір орнату - жеке тұлғаларға 15 АЕК (64 875 теңге). Лауазымды тұлғалар мен бизнеске айыппұл бұдан да жоғары.

4-бөлік
Жалған немесе қолдан жасалған нөмірмен көлік басқару, сондай-ақ нөмірді жасыратын, бұрмалайтын немесе тануға кедергі келтіретін материалдар мен құрылғыларды пайдалану - сот шешімімен 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу және 1 жылға жүргізуші куәлігінен айыру.

Жүргізушілерге ескерту

Құқық қорғау органдары жүргізушілерді жолға шығар алдында мемлекеттік нөмірдің дұрыс бекітілгенін, таза әрі анық оқылатынын тексеруге шақырады.

Нөмірді жасыруға арналған рамкалар, пленкалар, шторкалар немесе жалған нөмірлерді қолдану тек жол қауіпсіздігіне қауіп төндіріп қана қоймай, жүргізушіні қамауға алу мен көлік жүргізу құқығынан айыруға дейінгі қатаң жауапкершілікке әкелуі мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove