Соңғы аптада әлеуметтік желілер мен кейбір медиа алаңдарында құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина тарапынан Марат Жыланбаевтың «өлім аузында жатқаны» жайлы ақпарат белсенді түрде таратылды. Эмоцияға құрылған жазбалар, халықаралық ұйымдарға үндеулер және түрлі посттар қоғамда үлкен резонанс туғызды. Алайда колониядан жарияланған бейнежазбалар оның шын мәнінде спортпен айналысып, қалыпты жағдайда екенін көрсетті,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Саясаттанушы Әділ Сейфуллиннің айтуынша, бұл жағдай классикалық ақпараттық манипуляцияның мысалы.
«Қоғамға «қатерлі халде» деген образ ұсынылып, кейін оны саяси кампанияға пайдалануға тырысқан. Ал ақиқат бейнежазбалар арқылы ашылды», – дейді ол.
Құқық қорғаушыларға сенім дағдарысы
Журналист Гүлбану Әбенова да бұл оқиғадан түңілісін жасырмайды. Оның пайымдауынша, еліміздегі кейбір «құқық қорғаушылардың» басты мақсаты – шетелдік гранттарға тәуелді ақпараттық себептер жасау.
«Біз оларды шынайы күрескер деп сеніп жаздық. Ал шын мәнінде әрбір «шулы оқиға» – донорларға есеп берудің амалы екен. Бұл қоғамды адастырады, журналистерді де пайдаланғандай әсер қалдырады», – дейді ол.
«Дүмше-белсенділер» феномені
Ал журналист Орал Әлімбектің пікірінше, бұл жағдай – халықаралық қаржыландырудың тоқтауы салдарынан туған құбылыс.
«USAID бар кезде жалғанды жалпағынан басқан белсенділер қазір жаңа ақша көзін таба алмай, қоғамнан қаржы жинау үшін өтірікті күшейтті. Шындығында, олардың қазаққа пайдасы шамалы. Қалтасына ақша түссе болғаны», – деп атап өтті ол.
Жеке сенімнің жоғалуы
Саяси шолушы Ильяс Мынжасаров болса, Төреғожинаға сенімнің әлдеқашан жоғалғанын айтады. Оның сөзінше, белсенді бұрын да «шынайылықтан алшақ теориялар» ұсынған.
«Жыланбаевтың денсаулығы шын мәнінде оларды алаңдатып отырған жоқ. Кейде олардың өздері «жақсы болар ма еді, шынымен ауыр халде болса» деген ой тудырады. Өйткені сол арқылы өздерінің «дұрыс екендігін» дәлелдеуге тырысады», – дейді ол.
Жыланбаев ісі ақпараттық соғыстың құралына айналғаны байқалады. Бір жағында – эмоцияға құрылған аңыздар, екінші жағында – нақты фактілер. Бұл жағдай қазақстандық қоғам үшін маңызды сабақ: әрбір резонансты ақпаратты тексеріп, манипуляцияға ермей, фактіге сүйенген дұрыс.
Оқиға тағы да көрсеткендей, азаматтық белсенділіктің басты құны – адалдық пен шынайылық. Ал олар болмаған жерде, құқық қорғаушылық миссиясы сенімсіздік пен күмәннің көлеңкесінде қалады.