Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай жол құрылысына бөлінген миллиардтаған теңгенің талан-таражға түскені туралы мәлімдеп, Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агентті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, Қызылорда, Ақтөбе және Ақмола облыстарындағы жол құрылысы жобаларына бөлінген қаражаттың бір бөлігі мақсатсыз жұмсалған. Оның мәліметінше, тендерді ұтып алған «Дорстрой» ЖШС-нің шотына түскен қаржы заңсыз шешіліп, компания кейін банкрот деп жарияланған.
Мақсат Толықбайдың сөзінше, компанияның алғашқы құрылтайшысы Мұратбек Тлеулиев өзін жәбірленуші ретінде таныстырып, кәсіпкер Досхан Жүнісовтің сенімге кіріп, компания үлесінің басым бөлігін өз бақылауына алғанын айтқан. Сондай-ақ жалған мөрлер арқылы заңсыз директорлар тағайындалып, қаржы активтері сыртқа шығарылғаны жөнінде шағым түсірілген.
Депутат жариялаған мәліметке сәйкес, жол құрылысына бағытталуы тиіс 14 млн теңге жеке есепшотқа аударылған. Бұдан бөлек, 172,2 млн теңге жеке банк картасына, 374,5 млн теңге «Сынақ» ЖШС-не, 386 млн теңге «Дарын Инвест» компаниясына жіберілген. Оның айтуынша, осыған ұқсас схема «Сапақ» өндірістік кооперативінде де қайталанып, бюджеттен бөлінген 68,5 млн теңге жымқырылған.
«Қазіргі цифрлық заманда мемлекет қаржысының қайда кеткенін анықтауға бір сағат уақыт жеткілікті. Бірақ Қызылордадағы тергеушілердің әрекетсіздігі түсініксіз. Полицияға 18 арыз жолданғанымен, толыққанды тергеу жүргізілмей отыр», – деді депутат.
Осыған байланысты Мақсат Толықбай құқық қорғау органдарынан қаржы қозғалысын толық тексеріп, қатысы бар барлық тұлғаларды жауапкершілікке тартуды, сондай-ақ істің созбалаңға салынуына жол берген қызметкерлерге баға беруді талап етті.