ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштері Бас штабының басшысы Сұлтан Қамалетдинов Мәжіліс залында саладағы проблемаларды көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Оның сөзіне қарағанда, еліміздің қорғаныс саласында проблема жетерлік. Ал бұлар шұғыл әрі нақты келісілген шараларды талап етеді.
Бұл ретте, депутаттардың қолдауына көбірек үміт артамыз. Әскери қызметкерлердің әскерден кетуі үрдісі байқалып отыр. Жыл сайын әскер қатарынан кетіп жатқандар саны жиілеп келеді. Тек 2020-2023 жылдар аралығында Қарулы Күштер қатарынан 17 065 әскери қызметші шығарылса, оның 4 301-і офицерлер, 12 764-і келісімшартпен жүргендер. Бұл шамамен 15 механикаландырылған бригаданың санына тең, - деді Сұлтан Қамалетдинов.
Қорғаныс министрлігі жауапты өкілінің мәліметінше, қазіргі кезде армияны әскери қызметкерлермен жасақтау шарасы қызметтен кеткен кәсіби даярланған кадрлардың орнын тиісті деңгейде толтыра алмай жатыр.
Аталған кезеңде Қарулы Күштер қатарына 14 311 әскери қызметші қосылды. Мұның бір себебі - салыстырмалы түрде алғанда жалақы деңгейі төмен, - деді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары.