Жәкішев Мәсімовтің зәулім үйін сатып алды деген қауесетке нүкте қойды

Көркем Алдабергенова 27 нау. 2025 17:00 780

Кәсіпкер Мұхтар Жәкішев "Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім үйін сатып алды" деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жәкішев Мәсімовтің үйін сатып алатыны туралы және қыздарына Дубайдан пәтер алып бергені туралы ақпарат жалған екенін жеткізді. 

"Біріншіден, егер мен Алматыда тұрсам, Астанадан не үшін пәтер сатып аламын? Астанаға көшетін ойым да жоқ. Екіншіден, алты қызымның қайсына Араб Әмірліктерінен үй сатып алыппын? Неге алты қызыма сатып алмағанмын? Оған ақшам жетпейді. Оның үстіне пәтер сатып алу ойыма да келген жоқ", дейді Жәкішев. 

Еске салайық, бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде танымал қазақстандық кәсіпкер Мұхтар Жәкішев ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің коттеджін сатып алғаны туралы ақпарат тарады. Мәсімовтің құны бір млрд тұратын үйі бұған дейін бірнеше рет аукционға шығып, өтпей қалған еді. 

Қайтарылған активтерді басқару компаниясының пікірі

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы да бұл ақпаратты жоққа шығарды. Компания барлық актив тек E-Qazyna мемлекеттік порталы арқылы және қатаң ережелер бойынша сатылатынын мәлімдеді.

Мәсімовтің үйі туралы не белгілі?

Кәрім Мәсімовтің зәулім сарайын Қайтарылған активтерді басқару компаниясы бірнеше рет аукционға шығарған еді. Құны - 1,9 млрд теңге. Үй Астана қаласы Нұра ауданының Ерейментау -1 мекенжайында орналасқан.

Үйдің жалпы ауданы – 2877,7 шаршы метр. Тұрғын үймен қоса, жиһаз, электрон техника, өнер туындылары мен кәдесыйлар да сатылымға қойылды. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар