"Жағалауды бетонмен қоршап тастаған": Депутат Қапшағайдың жері заңсыз жекеге өткенін айтты

Сағыныш Сардарова 01 там. 2025 11:42

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек тағы бір заңсыздықты әшкереледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол Бас прокуратураға, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне және Су ресурстары және ирригация министрлігіне ресми түрде өтініш жолдаған.
"Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің су қорғау белдеулерінде орналасқан 82 жер учаскесі жеке және заңды тұлғалардың меншігіне рәсімделіп кеткен! Ал мұндай жерлерді жекешелендіруге заңмен тыйым салынған! Жер кодексі мен Су кодексі бойынша су қорғау аймақтары мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) айналымға шығарылмауы тиіс. Бірақ бұл учаскелер жеке меншік ретінде тіркелгені анықталды", - деді ол.
Оның айтуынша, қарапайым халық Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің арнасына еркін өте алмай отыр.
"Су жағалауы бетон дуалдармен қоршалған. Бұл – азаматтардың су ресурстарына еркін қол жеткізу құқығын өрескел бұзу! Мен, Мәжіліс депутаты, жер саласының сарапшысы ретінде, бұл мәселеге бей-жай қарай алмаймын. Жерлер мемлекетке қайтарылуға тиіс! Заңсыз берілген учаскелерді кімнің иемденіп алғаны анықталады. Артында лауазымды, ықпалды тұлғалар тұрса да, заң бәріне ортақ!" - деді депутат.
Бақытжан Базарбек Президент Әкімшілігін және Бас прокуратураны бұл мәселені ерекше бақылауға алуға шақырды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар