Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша жәбірленуші Руслан Тумашев сотта сотталушылардың жазасын жұмсартуға үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қаражатты Biz Birgemiz қайырымдылық қорының шотына мобильді қосымша арқылы аудардым. Бұл қордың бар екенін алғаш рет экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлерінен естідім. Айыптаушы тараптың ұстанымын толық қолдаймын, прокурордың ұстанымымен келісемін", – деді ол.
Тумашевтың айтуынша, кейбір жәбірленушілер сотталушылардың жасына немесе жеке жағдайына байланысты жеңіл жаза қолдануды сұрап жатыр. Алайда ол мұндай ұсыныстарға үзілді-кесілді қарсы.
"Мұндай әрекеттерге мүлде жол берілмеуі керек. Бұған тосқауыл қойылуы тиіс", – деп қосты жәбірленуші.
Ол сонымен қатар өзінің азаматтық талабын да қанағаттандыруды сұрады.
"Неліктен анасы қызын тоқтатпады?"
Тағы бір жәбірленуші Әмина Аймағанбетова қорға 1 миллион теңге аударғанын айтты. Ол Перизат Қайраттың анасын қызына дер кезінде тоқтау салмағаны үшін айыптады.
"Менің ойымша, барынша қатаң жаза қолдану қажет. Анасы миллиардтаған ақшаны иемденіп жүрген қызын неге тоқтатпаған?", – деп наразылығын білдірді ол.
Айыптау тарапы не сұрады?
Айта кетейік, прокурор Перизат Қайратты 10 жылға бас бостандығынан айыруды, ал оның анасы Ғайни Алашбаеваны 8 жылға соттауды сұрап отыр.