Іздеп, өтінім жазып, әуре-сарсаңға түспестен - Олжас Бектенов бірден керсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізбесін кеңейтуді тапсырды

Іздеп, өтінім жазып, әуре-сарсаңға түспестен - Олжас Бектенов бірден керсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізбесін кеңейтуді тапсырды
Үкімет

Қазақстанда азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді барынша жеңілдету жұмыстары жалғасады. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында мемлекеттік қызметтердің бір бөлігін өтінішсіз әрі қосымша әрекеттерсіз көрсету форматына көшіруді тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде азаматтар цифрлық қызметтердің санына емес, олардың қолжетімділігі мен жылдамдығына көбірек мән береді. Сондықтан мемлекеттік қызметтерді алу кезінде күрделі іздеу жүргізу, өтінім толтыру немесе түрлі рәсімдерден өту қажеттілігін азайту маңызды.

Осыған байланысты Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биылдың өзінде жедел көрсетілетін форматқа ауыстыруға болатын қызметтердің тізбесін әзірлеу тапсырылды.

«Бүгінде азаматтар үшін цифрлық қызметтер санын көбейтіп қана қою жеткіліксіз. Олар қажетті нәтижені жылдам әрі еш кедергісіз алғысы келеді. Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биыл бірден көрсетілетін форматқа көшіруге болатын қызметтердің тізбесін айқындауды тапсырамын. Бұл ретте көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау немесе соттылығының бар-жоғы туралы анықтама беру сияқты қызметтерді үлгі етіп алуға болады», – деді Олжас Бектенов.

Жаңа тәсілдің мақсаты – азаматтарға қажетті қызметті мүмкіндігінше автоматты түрде ұсыну. Яғни мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде бар деректер негізінде нәтиже өтініш берушінің қосымша қатысуынсыз ұсынылады.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай формат мемлекеттік қызметтерді алу уақытын қысқартып, бюрократиялық кедергілерді азайтуға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.