Кеңес Одағының алғашқы ғарышкері Юрий Гагариннің қазасына басқа ұшақтың қауіпті маневрі себеп болуы мүмкін. Көп жылдар бойы құпия сақталған бұл деректі кейін ғарышкер Алексей Леонов жария еткен, деп dalanews.kz тілшісі Malim.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Леоновтың айтуынша, ресми қорытындыда Гагарин мінген ұшақтың күрт бұрылып, штопорға түсіп, жерге құлағаны көрсетілген. Алайда ол бұл нұсқамен келіспей, апаттың нақты себебі басқа болғанын айтқан.
Оның сөзінше, 1968 жылғы 27 наурызда Гагарин мен нұсқаушы Владимир Серегин жаттығу ұшуын орындап жүрген аймақта рұқсатсыз Су-15 ұшағы пайда болған. Бұл ұшақты басқарған пилот қауіпсіздік талаптарын сақтамай, белгіленген биіктіктен төмен түскен.
Леоновтың мәліметінше, Су-15 Гагариннің ұшағына өте жақын қашықтықтан, шамамен 10-15 метр аралықта бұлт ішінен өтіп кеткен. Соның салдарынан күшті ауа толқыны пайда болып, Гагарин басқарған ұшақ тепе-теңдігін жоғалтқан. Кейін ол штопорға түсіп, шамамен 750 шақырым/сағ жылдамдықпен жерге құлаған.
Ұшақ экипажы жағдайды түзетуге тырысып, штопордан шығуға әрекет жасағанымен, үлгермеген. Нәтижесінде Юрий Гагарин мен нұсқаушы Серегин қаза тапқан.
Леонов бұл мәліметтер құпия құжаттар ашылғаннан кейін расталғанын айтып, мұны жай болжам емес, апаттың негізгі себебі деп бағалаған. Оның пікірінше, қайғылы жағдайға ұшу тәртібінің бұзылуы мен қауіпсіздік талаптарының сақталмауы әсер еткен.
Сондай-ақ ол комиссия мүшелері шындықты білгенімен, оны ұзақ уақыт бойы жария етпегенін өкінішпен жеткізген.
Ал Су-15 ұшағын басқарған ұшқыштың аты-жөнін Леонов атамаған. Оның айтуынша, бұл деректі айтуға рұқсат берілгенімен, пилоттың жасы ұлғайып, денсаулығы нашар болғандықтан, ол оның есімін жарияламауға уәде берген.