Ірі лауазымды қызметтер атқарған Қожағапанов не үшін ұсталды?

Сағыныш Сардарова 06 нау. 2024 12:28 2198

Антикор бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов не үшін ұсталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Экс-шенеунік жемқорлық дерегі бойынша айыпталып отыр.

"1 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын іс-шаралар нәтижелері бойынша мәдениет және спорт экс-вице-министрі Қожағапановты ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады.

Коммерциялық ұйымның мүддесі үшін әрекет ете отырып, ол 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өнераралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасауды қолданған. Бұл ретте форумды өткізу үшін смета екі есеге өсті.

Бұл бюджет қаражаты негізсіз жұмсалуына әкеп соқты. Қылмыстық жолмен алынған ақшаға сатып алынған мүлік анықталды және оған тыйым салынған", - деді Антикор өкілі.

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғанын растады.

Қазір күдікті Алматы қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамауда отыр.

Тергеу жалғасып жатыр.

Айта кетейік, Ерлан Қожағапанов Астана әкімінің орынбасары, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы, ҚР Футбол федерациясының президенті болды.

Сонымен қатар, ҚР премьер-министрі кеңесшісінің міндетін атқарушы, кеңесшісі, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі, Алматы әкімінің бірінші орынбасары болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар