Иран билігі Каспий теңізінде ирандық кемеге жасалған шабуылға байланысты Украинаны жауапқа тарту үшін барлық қажетті шараны қабылдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Иранның Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасаған Tasnim агенттігі хабарлады.
Тегеранның мәлімдеуінше, Украина СІМ шабуылдың қасақана жасалмағанын айтқанымен, Иран тарапы соққының әдейі ұйымдастырылғанын дәлелдейтін айғақтарға ие. Министрлік Украина президентінің мәлімдемесін де осының дәлелі ретінде келтіріп отыр.
Иран Сыртқы істер министрлігі дайындалып жатқан шаралардың мақсаты – Украинаны жауапкершілікке тартумен қатар, болашақта мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу екенін атап өтті.
«Украинаның ресми өкілдері сыртқы істер министрімен байланыс барысында және өз хабарламаларында бұл әрекеттің қасақана жасалмағанын айтты. Алайда нақты дәлелдер, оның ішінде Украина президентінің тікелей мәлімдемесі шабуылдың әдейі жасалғанын көрсетеді. Біз олардың түсіндірмесін тыңдадық және іс жүзінде қандай қадам жасайтынын күтіп отырмыз. Өз кезегімізде Украинаны жауапкершілікке тарту және мұндай қылмыстың қайталанбауын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдаймыз», – делінген Иран СІМ мәлімдемесінде.