Ішкі істер министрлігі интернеттегі қауіпсіздік қарапайым, бірақ маңызды ережелерден басталатынын еске салды, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Әлеуметтік желілер қарым-қатынас жасауға, білім алуға және өміріңіздегі қызық сәттерді бөлісуге мүмкіндік береді. Алайда ашықтық сіздің қауіпсіздігіңізге қатер төндірмеуге тиіс", - деді ІІМ өкілдері.
Негізгі ережелер:
- Мекенжайыңызды, телефон нөміріңізді, оқитын мектебіңізді, сабақ кестесін және орналасқан жеріңізді анықтауға мүмкіндік беретін басқа да жеке мәліметті жарияламаңыз.
- Геолокацияны көрсететін фото мен стористі нақты уақыт режимінде салмаңыз. Ондай материалдарды сол жерден кеткеннен кейін ғана бөліскен дұрыс.
- Достар қатарына тек жеке танитын адамдарды қосыңыз.
- Парақшаңыздың құпия баптауларын реттеп, жазбаңызды тек сенімді адамдар көретіндей етіп қойыңыз.
- Бейтаныс адамдарға жеке фотоларыңызды, құжаттарыңызды немесе өзге де құпия ақпаратты жібермеңіз.
- Бейтаныс адам сізге шамадан тыс назар аударып, жеке мәліметіңізді сұраса, қайда жүргеніңізді білетінін айтса немесе қорқытуға тырысса, онымен байланысты бірден тоқтатыңыз.
- Күмәнді аккаунтты бұғаттаңыз.