Жақиянов оны Майшеке дейді. Ал олигархтардың арасына ол Саша деген атпен сіңіскен. Сіз мен біз үшін ол қазақ жерінің қойнауындағы ен байлықты сарқа тауысып жатқан сараң бай.
Күні кеше Лондон соты ENRC-дің үстінен осыдан 10 жыл бұрын қозғалған қылмыстық істі дәйек пен дәлелдің тапшылығына байланысты тоқтатты.
Он жыл бойы Машкевичтің жүйкесін жүндей түткен атышулы іс олиграхтың триумфымен тәмамдалды. Істің барысын бақылап отырған Dala Inside телеграм арнасы Жаңа Қазақстан үшін Майшекенің мысын басу оңай болмайды деп топшылайды.
Ағылшын журналисі Том Берджестің "Kleptopia: How Dirty Money Is Conquering the World" атты еңбегінде Назарбаев пен атышулы «трионың» (Машкевич, Шодиев және Ибрагимов) арасындағы ел ести бермеген оғаштау оқиға сөз болады.
Қазақстан нарығында сирек таралған кітаптың неміс тіліндегі нұсқасын Германиядан арнайы алдырған Dala Inside арнасы осы оқиғаны арна оқырманымен бөліскенді жөн көрді.
2005 жылы миллиард таза табыс тапқан Машкевич Forbes-тің тізіміне еніп, масаттанып жүреді. Қазақстан экономикасының 40 пайызын уысында ұстаған «трио» мұндай мүмкіндік бергені үшін Назарбаевқа қарыздар-тын.
Майшекенің партнері Патох Шодиев экс-президенттің мінезіне қанық. 1995 жылы Әбішұлы семьясымен Францияның Ривьерасына сапар шегіп, өзбек олигархын өзімен бірге ертіп алады.
Ол жақта бұларды Пачолли есімді бизнесмен күтіп алып, Монаконың іргесіндегі мейрамханаға бастап барады. LE PIRATE дейтін ресторанның ұсқыны Назарбаевқа ә дегеннен-ақ ұнамай, тұңғыштың қабағы кіртие қалады. Шодиев жоғары шығуға қаймығып, кіреберіске жайғасады.
Алқам-салқам киінген даяшылар үстел жая бастағанда Назарбаевтың тағаты таусылып, түрменің ыдыс-аяғына ұқсас тәрелкенің бірін жерге тарс еткізеді.
Одан кейін тағы бір тәрелкені күл-парша қылады. "Бізді қайда ертіп келдің?", – деп әлгіндегі Пачоллидің жағасына жармасады. "Бір ашуыңды бер...", – деген Сара Алпысқызы жыламсырап оталып алған күйеуін сабырға шақыруға тырысады.
"Отпускінің қадірі қашты-ау" деген Әбішұлы әйеліне бағынсын ба, әлгі жердегі орындықтың бірін тік көтеріп, жанып тұрған отқа тастап жібереді.
Артынша тағы бір орындықтың қолын қол, бұтын бұт қылады. Одан соң тағы бір орындықтың талқанын шығарады... Осы мезетте әредікте тұрған ресторан қожайыны «тұңғыштың» әрекетін қайталап, орындықтың бірін отқа лақтырады.
Екеулеп жүріп үстел басындағы орындық атаулыны тауысып, отқа тастап тынады.
Назарбаевтың мұндай мінезі барын білмеген Шодиевтың қол-аяғынан жан кете жаздайды. Көзі атыздай болған олигархтың реакциясын бағып тұрған Назарбаев осы сәтте қарқылдап күліп жібереді. Оған ресторан қожайыны мен әлгінде ғана сөз естіген Пачолли қосылып, мейрамхананы басына көтереді.
"Мұның бәрі әзіл, күлкі үшін жасалған еді. Ресторан әу бастан соған бейімделген. Бұ жерге келгенде ыдыс-аяқты талқандап, орындықты отқа тастап, стрессті шығарасың...", – дейді Назарбаев олигархтың арқасынан қағып.
Шодиев сол отпускіні ұмытпастай болады.
Мұның астарында "менімен ойнасаңдар тәрелке секілді талқандарыңды шығарып, орындық секілді отқа тастаймын..." деген месседж жатқан еді.
Шодиев мұны бірден түсінеді, елге орала сала, Машкевичпен жүздесіп, болған жайды мәлім етеді. «Назарбаевты үлеске» кіргізу үрдісі осы кезден басталған деседі...
Машкевичтің әйгілі Ататүріктің «Саравона» яхтасын жалға алып, жын-ойнақ ұйымдастырғаны DALA INSIDE-тің хат қоржынында жатыр. Бұл туралы арна алдағы уақытта ақпаратта жариялайды. Dala Inside арнасына жазылып, инсайд ақпараттармен танысып отырыңыз.