IBA Әлем чемпионатындағы даулы шешім: Ерасыл Жақпековке әділетсіздік жасалды ма?

Дінасыл Хамит 10 жел. 2025 08:55

Біріккен Араб Әмірліктерінде IBA басқаруымен бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Ондағы Қазақстан мен Ресей боксшысы арасында өткен жекпе-жек дауға ұласты, деп хабарлайды Dalanews.kz


Дубайда 2–13 желтоқсан аралығында ұйымдастырылған бұл дүбірлі додада Қазақстан намысын қорғау үшін 13 спортшы сапарға аттанған. Жарыстың алтыншы күнінде 80 келі салмақта жұдырықтасатын отандасымыз Ерасыл Жақпеков рингке көтерілді. Ерасыл турнирдің 1/16 кезеңіне еш қиындықсыз өтіп, үшінші айналымда ресейлік спортшы Джамбулат Бижамовпен күш сынасты.

Кездесудің үшінші раундында отандасымыз қарсыласына бірнеше дәл соққы бағыттап, оны есеңгіреткен болатын. Тіпті рингтегі төреші нокдаун есептеп, жекпе-жектің басымдығын Ерасылға берді. Соған қарамастан қазылар алқасы жекпе-жекті 2:3 ұпай санымен Бижамовтың пайдасына шешті.

Бұл шешім жанкүйерлер арасында үлкен дау тудырып, әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Көрермендер Ерасылдың айқын басымдылық танытқанын айтып, қазақстандық спортшының қысым көргенін алға тартуда. Ал IBA басшылығы бұл жағдайға байланысты әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.

Осы оқиға көптеген сұрақтарды ашық күйінде қалдырды:
Қазақстандық боксшыға қасақана әділетсіздік жасалды ма?
Бұл шешімге ассоциация басшысы, құмар ойындармен аты шыққан Умар Кремлёвтың ықпалы бар ма?

Айта кетейік, соңғы жылдары түрлі дау-дамайға толы шешімдерімен даңқы шыққан IBA ұйымдастыратын турнирлерге АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды, Австралия, Жаңа Зеландия секілді құрамалар бойкот жариялап, қатысудан бас тартқан.

Белгілі болғандай, IBA жүйесіндегі күмәнді шешімдер талай спортшының сағын сындырып, көптеген құрамалардың нәтижелерін жоққа шығарған. Осы олқылықтар салдарынан бокс Олимпиадалық спорт түрлерінің қатарынан шығып қалу қаупіне де тап болды.

Абырой болғанда, жаңадан құрылған “WORLD BOXING” ассоциациясы Халықаралық Олимпиада комитетімен серіктестік орнатып, спорттың болашағына төнген қауіптің алдын алды. Қазіргі таңда әлемдік бокс қауымдастығын басқаруға тәжірибесі мол, отандасымыз – әйгілі бокс шебері Генадий Генадьевич Головкин тағайындалғаны спорт жанкүйерлерін ерекше үміттендіріп отыр.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар