Halyk Bank пен "Халық" қоры Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлей бастады

Dalanews 22 мам. 2024 17:17 4265

"Халық" қайырымдылық қоры Halyk Bank-пен біріге отырып, Атырау облысы Құлсары қаласындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға атаулы қаржылай көмек көрсете бастады. Қордың негізін қалаушы, белгілі меценат Тимур Құлыбаев 31,4 млрд теңге аударды.

«Су тасқынынан зардап шеккен әрбір жанның қайғысына ортақпын. Апат келгелі, алғашқы күннен бастап қарғын судың астында қалған аймақтарға көмек қолын создық. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен барлық қиындықты еңсеретінімізге сенімдімін», - деді Тимур Құлыбаев.

Айта кетейік, бұл көмек Құлсары тұрғындарының жеке үйлерін қалпына келтіруге бағытталып отыр. Келтірілген залалға тәуелсіз сарапшылар баға береді. Тізімді әкімдіктердің жедел штабы зардап шеккендерден алынған өтініштер негізінде дайындайды.

Еске сала кетейік, осыған дейін "Халық" қоры мен Halyk Bank өз қаражатынан Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Алматы, Павлодар, Ұлытау және Абай облыстарындағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қызметкерлердің бір күндік жалақысын қосқанда 1 млрд 445 млн теңге бөлген болатын. Сонымен қатар, "Халық" қорының негізін қалаушы Тимур Құлыбаев Атырау облысын қалпына келтіруге қосымша 30 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Осылайша, су тасқынынан зардап шеккендерге 31,4 млрд теңгеден аса ақша  бөлінді.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар