Бірнеше БАҚ Халық банк Қазкоммерцбанктен «мұраға қалған» 250 млрд теңге қарызды мемлекетке толық қайтарғанын жарыса жазды. Қоғам қайраткері Мұтар Тайжанның сөзінше, мұнда бір нюанс бар, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Халық банк 250 млрд теңге мемлекеттік қолдауды мерзімінен бұрын толық қайтарды. Осылайша, Halyk өз міндеттемелерін толық орындапты. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл қаржыны мемлекет 2015 жылы «Қазақстандық орнықтылық қоры» арқылы БТА мен Қазкоммерцбанкті сақтап қалу үшін берген. Halyk 2023 жылы маусым мен желтоқсан айында депозиттің бір бөлігі – 68,4 млрд теңгені қайтарды. Енді банк мемлекеттік көмектің 181,6 млрд теңге сомасындағы қалдығын өтеді.
Мұхтар Тайжанның сөзінше, мұнда бір «гәп» бар.
«Бұл қаржылай көмек 2015 жылы берілген кезде доллар бағамы 1 доллар – 187 теңге еді және 250 миллиард теңге – 1,3 миллиард доллар болған.
Қазір доллар бағамы 450 теңге, сондықтан 250 миллиард теңге деген – 0,5 миллиард доллар. Қағаз бойынша бәрі әдемі, бірақ шын мәнінде қазіргі бағам бойынша мемлекеттік бюджетке әлі 800 миллион доллар немесе 360 миллиард теңге түспеген! Су тасқыны кезінде ақша артық етпес еді!», - дейді Мұхтар Тайжан.