Журналист Асхат Ниязов белгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың ұлы Эльдар Айтматовпен сұхбат барысында Асқар Ақаев пен Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты ел арасында айтылып жүрген әңгімелер жайлы сұрады, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Алдымен журналист Шыңғыс Айтматовтың Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың билікке келуіне ықпал еткені туралы ақпаратқа қатысты сауал қойды.
Эльдар Айтматов бұл әңгіменің шындыққа жанаспайтынын айтты. Оның сөзінше, Ақаевтың кандидатурасын сол кездегі партия өкілдері өздері ұсынған.
"Бұл толықтай шындыққа сәйкес келмейді. Менің білуімше, Асқар Ақаевтың кандидатурасын партия қайраткерлері өздері ұсынған. Әкем бұл процеске қатыспаған, тіпті Ақаевтың ұсынылғанынан да хабарсыз болған", – деді ол.
Сондай-ақ Эльдар Айтматов Шыңғыс Айтматовтың сол кезде Қырғызстан президенті ретінде басқа адамды көргісі келгенін жеткізді.
Сұхбат барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты да тың дерек айтылды. Эльдар Айтматовтың айтуынша, Қазақстанда бірінші басшыны тағайындау мәселесі қаралып жатқан кезде Назарбаев Шыңғыс Айтматовтан Михаил Горбачевпен кездесу ұйымдастыруға көмек сұраған.
Оның сөзінше, бастапқыда Горбачев Назарбаевты қабылдағысы келмеген.
"Нұрсұлтан Әбішұлы қабылдау бөлмесінде күтіп отырған. Ал Горбачев онымен кездеспейтінін, сөйлеспейтінін айтқан. Кейін әкем Михаил Сергеевичті Назарбаевты қабылдап, сөйлесуге көндірді", – деді Эльдар Айтматов.
Айтматовтың ұлы әкесінің Горбачевке Қазақстандағы жағдайды түсіндіріп, басқа кандидаттың тағайындалуы ел ішінде толқу тудыруы мүмкін екенін айтқанын жеткізді.
"Сол кезде әкем бұл шешімнің қабылдануына барынша ықпал етті", – деді ол.
Эльдар Айтматовтың бұл естелігі Шыңғыс Айтматовтың кеңестік кезеңдегі саяси процестерде де салмағы болғанын көрсетеді.