Ғылымдағы соңғы жаңалықтар

Dalanews 11 сәу. 2015 05:16 2386

Бериллий алудың тың тәсілі

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов бастаған бір топ ғалым тұңғыш рет бериллий металын алудың экологиялық таза технологиясын жасап шығарып, АҚШ-тың екі патентіне ие болды.

Құрамында бериллийі бар шикізатты кен орындарынан экологиялық таза технологиямен алу әдісі әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ құрамына кіретін және өндірушілердің жоғары бағасына ие Үлбі металлургиялық зауытының зертханасында арнайы құрылғыда жасалған. Ғалымдардың есебі бойынша, жаңа технологияны өндіріске енгізу зор экономикалық нәтиже бермек. Өйткені, бұл технологияны қолдану барысында жоғары температуралық үдеріс болмайды. Сондай-ақ, көп қуат көзін қажет етпейді, зиянды газдар бөлінбейді және металды еріту кезінде отқа төзімді қымбат бағалы құралдар қажет емес. Сарапшылар қазақ ғалымдарының технологиясы әлем бойынша бәсекеге қабілетті екенін айтуда. Оның үстіне АҚШ патентіне ие болу – Қазақстанның жетекші жоғары оқу орнының ғылыми-инновациялық әлеуетінің және әлемдік деңгейде жетістіктерінің мойындалып жатқандығын айқындай түседі.

Алып жоба қайта жалғасты

Арадағы біршама үзілістен кейін Үлкен адрондық коллайдер қайта іске қосылды. Швейцария мен Франция шекарасындағы терең жер астына орналасқан 27 шақырымдық алып сақина бойымен протондардың алғашқы тобы жіберілді.

Еуропаның ядролық зерттеулер ұйымы үлкен адрондық коллайдерді ең кіші бөлшектердің сәуле жылдамдығына жақын жылдамдықпен өзара қақтығысуы кезінде қандай әсер болатынын анықтау үшін арнайы жасаған болатын. Ғалымдар бұл сынақ әлемнің қалай пайда болуына қатысты бірқатар маңызды сұрақтарға жауап беретінін алға тартуда. Алғаш рет коллайдер 2007 жылы іске қосылып, көп ұзамай ақау орын алып, жұмысын тоқтатқан болатын. Бүгінде коллайдер дүниежүзіндегі ең қымбат ғылыми-зерттеу жұмысы болып саналады. Жалпы, қазіргі таңда бұл жобаға дүниежүзінің 44 елінен 100 мыңға тарта адам тартылған. Жобаның жалпы құны 2010 жылдың өзінде 7,5 млрд долларды құраған-ды. Мамандардың есептеуінше, жоба жыл сайын 1 миллион халқы бар қала тұтынатын қуат көзін қажетсінеді.

Жаңа лазер

Томск қаласындағы ғалымдар ауадағы түрлі токсин мен жарылғыш заттарды және есірткі тозаңдарын анықтайтын жаңа лазерді ойлап тапты.

Ғалымдар жаңа лазердің қашық толқындарды генерациялау нәтижесінде пайда болатынын байқаған. Лазер өте кең аумаққа таралатынмен де ерекшеленуде. Мамандар жаңа лазерлердің көмегеміен атмосфера қабатындағы түрлі газдардың қаншалықты мөлшерде жинақталғанын анықтауға болатынын және қоршаған ортаның қаншалықты ластанғанын қолмен қойғандай айқындап беретінін алға тартты. Бұдан басқа лазерді медицина саласында кеңінен қолдануға болады.

Алдағы уақытта осы лазердің көмегімен ірі кәсіпорындар қоршаған ортаға қаншалықты залал келтіріп отырғанын анықтай алады. Бірақ жаңа лазерді кәсіпорын басшылары қажетіне жарата қойса деңіз.

 

 

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар