Германияда Маңғыстаудың туристік әлеуеті таныстырылды

Ақтоты Жапатова 05 нау. 2025 14:33 457

Туризм саласындағы қарым қатынасты нығайту мақсатында жыл сайын Германияның астанасы Берлинде әлемдегі ең ірі ITB Berlin туристік көрмесі өтеді. Дәстүрлі шара биыл 4-6 наурыз аралығына ұйымдастырылған,- деп хабарлайды Dalanews.kz 

Халықаралық көрмеге Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың тапсырмасымен өңір басшысының орынбасары Аббат Өрісбаев бастаған Rixos Water world Aktau, Holiday Inn Aktau, Caspian Riviera қонақ үйлері, «Visit Aktau», «Kettik Gо», Mangystau safari туроператорлары қатысты. Олар арнайы стендте Маңғыстаудың туристік әлеуеті жайлы ақпараттар ұсынды.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаевтың айтуынша, неміс халқының және әр елден келген қонақтар мен тәжірибелі сарапшылардың және туристік бизнес өкілдерінің Қазақстанның тарихына қызығушылығы жоғары. Оның ішінде Маңғыстаудың туризміне қызығушылық танытып, мәлімет алмасып жатқандары көп.

Халықаралық жәрмеңке барысында Маңғыстаудың “Visit Aktau LTD” туристік компаниясы мен Түріктің “Pegas Touristik” туристік компаниясы арасында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне Дүниежүзілік туристік ұйымның (UNWTO) Бас хатшысы, Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесінің төрағасы, Берлин мэрі және Messe Berlin бас директоры қатысты. Құрметті қонақтар еліміздің стендтіне арнайы келіп, ұлттық тағамдарымыздан дәм татты. Сондай-ақ еліміздің қонақжайлығы мен бай мәдениетін жоғары бағалады.

Аббат Өрісбаев Маңғыстау облысы әкімінің атынынан Дүниежүзілік туристік ұйымның (UNWTO) Бас хатшысы Джулия Симпсонды, Берлин мэрі Кай Вегнерді және БҰҰ Туризм (Дүниежүзілік туристік ұйым) Бас хатшысы Зураб Пололикашвилиді Маңғыстауға шақырды.

Айта кетейік, ITB Berlin халықаралық туристік көрмесіне жыл сайын 180 елден 10 000-нан астам адам қатысады. Көрмені 160 000 адам тамашалайды, соның ішінде 113 500 адам туристік сала мамандары. Берлиндегі дәстүрлі көрмеге қатысу Қазақстанның халықаралық байланысын нығайтуға, жаңа келіссөздер жасауға және елдің туристік әлеуетін әлемдік нарықтағы танымалдылығын арттыруға мүмкіндік береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар