Гаухар (Гога) Ашкенази Ұлыбританиядағы салық резиденттігін Біріккен Араб Әмірліктеріне ауыстырды. Бұл ақпарат оның MMG Global Consulting Limited компаниясының қаржылық есептілігінде көрсетілген. Осылайша, ол салық жүктемесінің күшеюіне байланысты елден кетіп жатқан ауқатты британдықтардың қатарына қосылды, деп хабарлайды Dalanews.kz "Выход к морю" телеграм арнасына сілтеме жасап.
Негізгі деректер
Компания есептілігінде Ашкеназидің енді Ұлыбританияның салық резиденті еместігі көрсетілгенімен, ол корольдік азаматтығын сақтап қалған. Сонымен қатар, оның Румыния мен Сент-Китс және Невис паспорттары бар екені айтылады.
Соңғы жылдары Ұлыбританияда ауқатты азаматтардың елден кету үрдісі күшейген. Бұған 2024 жылдан басталған салық реформасы себеп болды. Жаңа өзгерістер шетелдік табыстарға ел ішінде салық төлеуді міндеттейді, мұрагерлікке, капитал өсіміне және құны 2 млн фунттан асатын жылжымайтын мүлікке салынатын салықты арттырады. Консалтингтік Arton Capital дерегінше, байлығы 1 млн фунттан асатын британдықтардың жартысынан көбі көшу мүмкіндігін қарастырып жүр. 2025 жылы елден 16,5 мың ауқатты азамат кетуі мүмкін, бұл – рекордтық көрсеткіш.
Жанжал ізі
Ашкеназидің Ұлыбританиядан кетуі тек салық саясатына ғана емес, Принц Эндрю төңірегіндегі дау-дамайға да байланысты болуы ықтимал. BBC қаңтар айында жариялаған зерттеуде Ашкенази ханзаданы Тимур Құлыбаевпен таныстырғаны айтылған. Журналистердің жазуынша, ханзаданың Сэннингхилл поместьесін Құлыбаевқа нарық бағасынан бірнеше миллион фунтқа қымбат сатуына осы таныстық себеп болған. Бұл мәміле сыбайлас жемқорлық сипатта болуы мүмкін деген күдік тудырған.
Алайда Құлыбаевтың адвокаттары бағаның жоғары болуын нысанға бірнеше сатып алушының қызығушылық танытуымен түсіндіреді. Соған қарамастан, Ұлыбритания үкіметіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытты қадағалайтын саясаткер Маргарет Ходж бұл мәмілені парламент деңгейінде ғана емес, ұлттық органдар да тексеруі тиіс екенін мәлімдеді.
БАӘ-дегі орта
Біріккен Араб Әмірліктерінде соңғы жылдары ауқатты қазақстандықтардың едәуір диаспорасы қалыптасқан. Олар бұл елдегі жылжымайтын мүлікке шамамен 1 млрд доллар жұмсаған. Ашкеназидің БАӘ-дегі өмірі де осы ортада жалғасуы мүмкін екені айтылып жүр.
